Ерекше сыйлық: Жас жұбайлардың әрекеті қазақстандықтарды тәнті етті

Қазақстандық жас жұбайлар тойларына жиналған барлық ақшалай сыйлықты “Ана Үйі” қоғамдық қорына аударған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерекше бастама туралы ақпарат қордың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
“Алғаш рет! Мейірімділіктен басталған отбасы. Жас жұбайлар Ерхан мен Ажар үйлену тойында жиналған барлық ақшалай сыйлықты "Ана Үйі" қоғамдық қорына аударды”, – делінген жазбада.
Қор мәліметінше, жас жұбайларға бұл ұсынысты күйеу жігіттің ата-анасы Серік Төлебаев пен Жаннұр Жанатбекқызы тастаған. Ал жас жұбайлар бұл игі іске үлкен ықыласпен қолдау көрсетіпті.
“BI Group компаниясында 21 жыл еңбек етіп, топ-менеджер әрі акционер ретінде қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ "Жұлдызай" және "IQanat" әлеуметтік жобаларын әрдайым қолдап келе жатқан Серік Қошқарбайұлы жұбайымен бірге қорға арнайы келіп, қаражатты өз қолымен табыстады”, – делінген қор жазбасында.
Қор басшылығы жас жұбайлар мен олардың ата-анасына осындай ізгі әрі өнегелі шешімдері үшін алғыс білдіріп, отбасы мейірім мен қайырымдылықтан басталса, оның іргесі де берік болатынын атап өтті.
Желі қолданушылары отбасының әрекетіне тәнті болып, ризашылық білдіріп, ізгі тілектерін жаудырды.
Айта кетейік, "Ана үйі" қоғамдық қоры – қиын өмірлік жағдайға тап болған жүкті әйелдер мен жас аналарды қолдауға бағытталған қайырымдылық ұйымы. Қордың басты мақсаты – жетім балалар санын азайту, аналардың сәбиінен бас тартуының алдын алу және дағдарыс жағдайындағы отбасыларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жастар қымбат тойдан бас тартып, баспана мен бизнеске қаржы салуды жиілеткені туралы жазған едік.
Дәрігерден медбикеге дейін ақша сұрайды: Қазақстандық келіншектер перзентханадағы былықтарды ашты
Оқыңыз