Таразда автосалон менеджері көліктерді сатып, ақшаны өзіне қалдырған

Таразда автосалонның топ-менеджері клиенттер мен өз компаниясын 334 миллион теңгеге алдап соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, 25 жастағы сату бөлімінің басшысы құны 90 миллион теңге тұратын клиенттің көлігін сатып, ақшаны өзіне иемденген. Оның орнына басшылықтың келісімінсіз әйелге автосалонның жаңа жол талғамайтын көлігін 83 миллион теңгеге берген.
Сонымен қатар ол сатуға қойылған 68 миллион және 34 миллион теңге тұратын бірнеше автокөлікті сатып, одан түскен қаражатты да жымқырған. Бұдан бөлек, құны 59 миллион теңге тұратын жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағаға сатып жіберген.
Бірінші сатыдағы сот оған 5 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда прокуратураның наразылығынан кейін, келтірілген залал өтелмегендіктен, жаза 8 жылға дейін ұлғайтылды.
Қадағалау органдары автокөлік сатып аларда құжаттарды мұқият тексеріп, қаражаттың компания шотына түсуін көз жеткізу керек екенін ескертті.
Бұған дейін ерлі-зайыпты 17 миллион теңгені менеджердің құрбысына аударып, көліксіз қалған еді.
Оқиға былтыр қазан айында болған. Ерлі-зайыпты "Sanzhar Rulit" автосалонына гибридті көлік сатып алу үшін барған. Автосалон иесі Абдаллах-Санжар Асқаров олармен жеке өзі сөйлесіп, ерлі-зайыптыға 500 мың теңге жеңілдік жасаған. Одан кейін ол барлық құжатты рәсімдеуді сату менеджері Назерке Қарабековаға тапсырған.
Ол сатып алу-сату келісімшартын дайындап, кейін клиенттерге 7 миллион 500 мың теңгені компания шотына емес, өзінің құрбысының шотына аудару керегін айтқан. Араға уақыт салып тағы 7 миллион 400 мың теңге, кейін тағы 2 миллион теңге аударуды сұраған. Осылайша, ерлі-зайыпты "Deepal" автокөлігі үшін жалпы 16 миллион 900 мың теңге төлеген. Ал Назерке көлікті 2025 жылдың соңына дейін табыстаймын деп уәде еткен.
Алайда тауар сатып алушыларға сол күйі жеткізілмеген. Кейін олар алданғанын түсініп, ақшаларын қайтаруды талап еткен. Осы кезде құжаттардағы автосалон басшысының қолы жалған, мөрдің де түпнұсқа емес екені анықталған.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді
Оқыңыз