Тоқаев Қытайдағы жарылысқа байланысты Си Цзиньпинге көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы жарылысқа байланысты Си Цзиньпинге көңіл айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Қытайдың Хунань өлкесіндегі пиротехникалық зауытта болған жарылыс салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жазған. Президент жақындарынан айырылған отбасыларға сабыр, ал жарақат алған адамдардың сауығып кетулеріне тілектестік білдірді", – делінген Ақорданың хабарламасында.
Айта кетейік, Қытайда Хунань провинциясында орналасқан пиротехникалық зауытта ірі жарылыс болды. Оқиға 4 мамыр күні Люян қалалық уезінде тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, 20-дан астам адам қаза тауып, бірнешеуі жарақат алған. Оқиға орнында апаттық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік барлық төтенше қызметтерді жұмылдырып, зардап шеккендерге көмек көрсетуде.
Қытай басшысы Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын жеделдетуді және апат салдарын жоюды тапсырды. Сонымен қатар ол жарылыстың нақты себептерін анықтап, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажет екенін атап өтті. Қытайдың Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнына арнайы жұмыс тобын жіберіп, құтқару жұмыстарының барысын бақылауға алған. Си Цзиньпин бұл қайғылы жағдай өндірістік қауіпсіздік шараларын күшейту қажет екенін көрсетті деп атап өтіп, барлық өңірлерге бақылауды арттыруды тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі "Казцинк" ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында, электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Сонымен қатар цехтың 220 шаршы метр аумағында құрылымдар опырылған. Құтқарушылар келген кезде цех ашық жалынмен жанып жатқан. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты – балқытушы Ержан Камалиев пен шебер Олжас Рамазанов. Ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексерістен кейін жеңіл жарақаттармен үйлеріне жіберілді. Тағы екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз