Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық студент құрылыс алаңында қолынан айырылды: Жұмыс беруші кінәлі деп танылды

Студент қолынан айырылды
Фото: Видеодан скрин

Семейде құрылыс алаңында жүріп қолынан айырылған құрылысшы студенттің оқиғасына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы жағдай 11 сәуір күні жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған. Ол жерде қосымша жұмыс істеп жүрген студент қолынан айырылған. Бетон араластырғыш бітеліп қалған құрылғыны тазалап жатқанда қолын аппарат тартып кеткен.

Комиссия жұмыс берушінің кінәсін толық анықтады. Қызметкердің еңбек шарты жасалмай жұмысқа жібергені үшін де кінәлі деп танылды.

Жеке кәсіпкерге бірқатар заң бұзушылықтар үшін 160 АЕК, 692 мың теңге көлемінде алты әкімшілік айыппұл салынды. Жәбірленушіге өтемақыны сот арқылы талап ету ұсынылды.

“Жұмыс беруші еңбек шартын жасамағаны, нұсқама өткізбегені, еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша оқытудан өткізбегені, сондай-ақ жазатайым оқиғаға байланысты сақтандыру шартын жасамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған”, – деді Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бас маманы Темірлан Әміртаев.

 Еске салайық, Семейде еңбек шартысыз және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықсыз құрылыс алаңында жұмыс істеген жігіт қолынан айырылған еді. 20 жастағы жігіт бейресми түрде жұмыс істеген. Жұмыс беруші оны ешқандай дайындықсыз қауіпті жұмысқа жіберген. Құрал-жабдықпен жұмыс істеу бойынша оқыту да, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық та жүргізілмеген. Соның салдарынан арнайы құрылғы оның оң қолын жұлып кеткен.

Қазір зардап шеккен азамат жедел медициналық жәрдем ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оған шынтақтан жоғары ампутация жасаған. Науқас жансақтау бөлімінен шығарылып, дәрігерлердің бақылауында. Алда ұзақ ем, оңалту және протездеу кезеңі күтіп тұр.

Stan.kz
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 10:07