Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпорын қауіпсіздік талаптарын сақтамаған: Семейде 20 жастағы құрылысшы жігіт қолынан айырылды

Фото: Halyqstan

Семейде еңбек шартысыз және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықсыз құрылыс алаңында жұмыс істеген жігіт қолынан айырылды. Оқиға 11 сәуірде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Halyqstan” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, 20 жастағы жігіт бейресми түрде жұмыс істеген. Жұмыс беруші оны ешқандай дайындықсыз қауіпті жұмысқа жіберген. Құрал-жабдықпен жұмыс істеу бойынша оқыту да, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық та жүргізілмеген. Соның салдарынан арнайы құрылғы оның оң қолын жұлып кеткен.

Қазір зардап шеккен азамат жедел медициналық жәрдем ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оған шынтақтан жоғары ампутация жасаған. Науқас жансақтау бөлімінен шығарылып, дәрігерлердің бақылауында. Алда ұзақ ем, оңалту және протездеу кезеңі күтіп тұр.

Өзін оның жұбайымын деп таныстырған қыз әлеуметтік желі арқылы әділдікке қол жеткізуге тырысып жатыр. Оның айтуынша, құрылыс алаңында жіберілген заңбұзушылықтар үшін жұмыс беруші жауапкершіліктен құтылмауға тиіс.

Аталған оқиға бойынша тергеуді Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жүргізеді. Ведомство мәліметінше, арнайы комиссия құрылған.

“Ол 10 жұмыс күні бойы жұмыс істейді. Құрамына мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдерімен қатар, оқиға болған нысанның жұмыс берушісі де енгізілген. Ол зардап шеккен азаматтың оқытусыз және нұсқаулықсыз жұмысқа жіберілгенін жоққа шығармады. Комиссия қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады”, – деді департамент басшысы Ерлан Ниятқабылов.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада құрылыс алаңындағы кран кабинасынан өрт шыққаны хабарланған еді. Оқиға Нұра ауданында, Ш.Айтматов көшесіндегі салынып жатқан нысан аумағында болған. Өрт сөндірушілер өртті қысқа уақыт ішінде жедел сөндірді. Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 14:05