Тараз әкімнің қабылдауынан шыққан тұрғын өз-өзін өртеп жібермек болды (видео)
Тараз тұрғыны қала әкімінің есебінен соң өз-өзін өртеп жібермек болған. Аталған жағдай қаладағы нөмірі 53-ші мектеп-гимназияның дәл алдында орын алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қала әкімімен кездесуге келген тұрғын пәтер кезегінің жылжымайтынын айтып шағымданған. Алайда басшының жауабына қанағаттанбаған ол осындай қадамға барған.
Жергілікті билік мәліметінше, от қойған азамат жалғызбасты әке. Болжам бойынша өзіне қол салуына баспананың жоқтығы себеп болуы мүмкін. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар азаматты аман алып қалды. Жарақаты да жеңіл. Өлім аузынан қалған тұрғын психикалық диспансерде есепте тұр.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің алдында ер адам өзін өртеп жібергені туралы хабарлаған едік. Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Е. есімді азамат әкімдік ғимаратына келіп, әкіммен кезіккісі келетінін айтқан. Алайда олар әкімнің бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдамайтынын жеткізген. Сосын белгіленген күні келуін сұраған.
Кейіннен облыс тұрғынының қайтыс болғаны хабарланды.