AAPL
140.52 $
0.11 %
TSLA
658.8 $
4.88 %
NDAQ
147.5 $
0.59 %
GOOGL
2116.1 $
-0.16 %
FRHC
40.13 $
0.96 %
AAPL
140.52 $
0.11 %
TSLA
658.8 $
4.88 %
NDAQ
147.5 $
0.59 %
GOOGL
2116.1 $
-0.16 %
FRHC
40.13 $
0.96 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тарақан мен қандалаға таланып, сасық иіспен демалуға тура келеді": Апатты үйде тұруға мәжбүр қызылордалықтар жанайқайын жеткізді

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғындары тоз-тозы шыққан, апатты жағдайдағы үйлерде тұруға мәжбүр екендерін айтып мұңын шақты. Сөздеріне сүйенсек, үйлерінің қабырғалары көгеріп, сыздың иісі өкпені қабады. Десе де жергілікті биліктің бұған назар аударар түрі жоқ деген олар журналистерден көмек сұраудан басқа амалымыз қалмайды дейді. Наразы жұрттың назын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

“Тарақан мен қандалаға таланып отырмыз”

Қолдарына плакат ұстап, құзырлы орындар тарапынан мәселенің жедел шешілуін талап еткен қауым өз өмірлеріне алаңдаулы күй кешіп отырғанын жеткізді.

“Негізінен осы аумақтағы тұрғын үйлердің жарамсыз күйде тұрғанынан жергілікті әкімдік пен құзырлы орындар хабардар. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, құзырлы орындардың жіті тексеру жұмыстарынан кейін апатты деп танылған болатын. Соған орай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың сол жағалауынан бой көтерген тұрғын үй кешенінен баспана берілетіні айтылған болатын. Алайда содан  бері екі жылдан астам мерзім өтсе де, уәде құр сөз күйінде қалып отыр. Бүгінде үйіміздің қабырғасы күн өткен сайын қақырап, адам тұрғысыз күйге жетті. Сондықтан облыс, қала әкімдігіне бұл мәселені жедел шешіп беруін талап етеміз”, - деді ауыл тұрғыны Сапарбек Ерімбетов.

Өңірдің тағы бір тұрғыны Үміт Дүрімбетова үйінің жағдайы күн санап төмендеп бара жатқанын айтып, ертеңіне алаңдаулы екенін жеткізді.

"Бұл жерде 15 жылға жуық уақыт тұрып келемін. Тұрғын үйдің адам тұруға қауіпті екені біраз уақыттан бері байқалып келеді. Тек екі жылдан астам уақыт бұрын апатты деп танылуына қол жеткіздік. Десек те әлі күнге дейін қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілмей келеді. Бүгінде үйдің шатыры шұрқ-тесік. Бөлмелеріміздің қабырғалары көгеріп, тарақан мен қандалаға таланып отырмыз", - деп мұңын шақты ол.

Жалпы бұл үйлер 2020 жылы "МұнайГазИнжиниринг" ЖШС-нің экспертиза жұмыстарының нәтижесімен апатты деп танылыпты. Артынша Қызылорда қалалық әкімдігі сүрілуге жіберуге шешім қабылдаған. Соған сәйкес биыл желтоқсан айына дейін көпқабатты тұрғын үй толық сүрілуі тиіс екен. Дегенмен айтылған уәделері құр сөз күйінде қалып отырғанға ұқсайды.

Түйткілді мәселе төңірегінде кент әкімдігі хабардар. Алайда бұл мәселемен тұрғын үй инспекциясы айналысып отырғанын, тұрғындарға үй кезектілігімен берілетінін алға тартады.

"Негізінен Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, Тасарық м/а, 3-ші үй тұрғындары аккредиттелген сарапшыларға жүгініп, тұрғын үй апатты жағдайда деп танылған. Аккредиттелген лицензиясы бар сарапшылардың қорытындысы негізінде Тасарық м/а, 3-ші үйдің меншік иелері ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының талаптарына сәйкес, “Жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда” деп танылған азаматтар санатынан тұрғын үй кезегіне тіркелді. Заңға сәйкес, пәтерлер өтініш берілген уақытына байланысты кезек реттілігімен табысталады. 2021 жылы осы санат бойынша кезекте тұрған азаматтарға сол жағалау тұрғын ауданынан 70 пәтер табысталған болатын. Жыл соңына дейін аталған санат бойынша кезекте тұрған азаматтарға пәтерлерді реттілігімен табыстау жоспарлануда. Тұрғын үй кезектілігі толықтай автоматтандырылған. Соның негізінде әр азамат “kezekte.kz” сайтынан өзінің кезек реттілігін көруге мүмкіндігі бар", - деп мәлімдеді аталмыш мәселеге орай қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сырлыбаев.

"Таза ауамен тыныстауға зәруміз"

Ал кенттің шет аймағында тұрып жатқан халықтың халі тіпті мүшкіл. Сол аумақ тұрғындары кәріз суын тазалауға арналған сүзгі алаңынан шыққан күлімсі иіспен тыныстауға мәжбүр. Сүзгі алаңында пайда болған көлшік ауаны ластауда. Әсіресе балаларының денсаулығына алаңдаулы екенін айтқан олар құзырлы орындар тарапынан қанша шағымданса да еш нәтиже болмай тұрғанын ашына жеткізді.

"Күнделікті есігіміздің алдынан кәріз суы мен лас қалдықтарды құйған 20-30 ассенизаторлық көлік өтеді. Тіпті лас қалдықтарды көлшікке жеткізбей жолда төгіп кететін жайттар болып тұрады. Одан қалды арнайы тазалайтын құдыққа төкпей, көлшікке тікелей төге салатын сәттер жиі орын алады, Бұл ауаның ластануына соқтыратыны ешбірінің қаперіне кірер емес. Өзім 3-ші топ мүгедегімін. Ал лас ауа денсаулығымызды одан бетер улап жатыр. Бұл жайында құзырлы орындарға шағымдандым. Қызылорда облысы әкімінің парақшасына да жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Көлшіктен шыққан күлімсі иіс өкпені қабады. Жел тұрса есік-терезелерді жауып, әбігерге қаламыз. Қонақ күтуге тіпті ыңғайсызданамыз", - дейді кент тұрғыны, қоғам белсендісі Күнғабыл Байназаров.

Қоғам белсендісі жергілікті әкімдер бұл мәселені шешуде салғырттық танытып отырғанын ашына жеткізді. Ендігі кезекте ҚР премьер министріне хат жолдап, бұл мәселеге тікелей араласуын сұрауды мақсат тұтып отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл келеңсіздіктерден жергілікті әкімдік хабардар болса да  қауқарсыздық танытуда. Мәселені оңтайлы шешудің орнына шет аймақтан жер алып, үй салғаны үшін тұрғындардың өзін кінәлап отырғанын айтады.

Сол аймақтың тағы бір тұрғыны Ербол Жұманов қоқыс алаңына айналған аймақта көше жарығы да жүргізілмегенін мәлімдеді.

"Қоқыс алаңына айналған аумақта жолға төгілген қалдықтардың үстінде балаларымыз ойнап жүр. Себебі бұл аймаққа ойын алаңы да салынбай отыр. Бұл жайында жергілікті әкімдікке талай мәрте айттым. Бірақ нәтиже болмай тұр. Бір-біріне сілтеумен келеді. Күлімсі иістен тіршілік ету тіпті мүмкін емес. Осы мәселе жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қабылдауын өтініп, ашық хат жолдағанмын. Сондай-ақ ҚР парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімов мырзаға да жәрдем сұрап хат жолдағанмын. Бірақ ешбір жауап ала алмадым", - деп шағымын білдірді ол.

Осы мәселе төңірегінде "Қызылорда су жүйесі" МКК-ге хабарластық. Құзырлы орын тарапынан түйткілді мәселенің түйінін тарқату мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

"Қазіргі таңда Тасбөгет кентінде халық санының ұлғаюына байланысты, станция аумағынан жеке тұрғындарға жер учаскелері берілуде. Аталған нысаннан тұрғын аумақтың орналасу санитарлық аймағының сақталуына 2010 жылдан бастап Тасбөгет кентінің әкімдігі мен "Қалалық жер қатынастары бөлімі" ММ-не бірнеше жыл бойы ескертпе хаттар беріліп келді. Соған қарамастан бұл аумақтан жер учаскелері беріліп, тұрғын үйлер құрылысы салынып, халық қоныстануда. Негізінен нысанның тұрғын аймақтан  орналасу санитарлық қорғау алмазы ҚР 4,01-03-2011 құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес  500 метр болуы тиіс. Бүгінде 03.09.2015 жылғы №564 Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бойынша аталған нысан қауіптілік бойынша  2 сынып санатына жатады. Осы орайда Тасбөгет кенті тұрғындарының кәріз судың жағымсыз иісі бойынша арыз-шағымдарының көбеюіне байланысты, кәріз суларды осы тазарту станциясынан Титов қыстағындағы биологиялық тазарту станциясына дейін қысымды коллекторлары арқылы бұру жұмыс жоспарының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы әзірленіп жатыр. Қысымды коллектр ұзындығы 23 шақырымды құрайды. Жобалау жұмыстарын "Мұнайгазинжиниринг" ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Алдағы уақытта аталған жобаның іске асырылуына қажетті қаражат көзі реттелсе,  Тасбөгет кентіндегі жағымсыз иіс мәселесі толық шешімін табады", - деп мәлімдеді жауапты мекеме бізге.

Кәріз суын тазалауға арналған сүзгі алаңында өзіміз де арнайы болғанымызда көлшіктен шыққан күлімсі иістен тыныс алу әсте мүмкін еместігін аңғардық. Өздерінің және балаларының  денсаулығы үшін шырылдаған сол аумақ тұрғындарының жанайқайы жан тебірентеді. Кент әкімінен күдерін үзген аймақ халқы ендігі кезекте түйінді мәселелерін ел Президенті назарына алса деп отыр. Тасбөгеттіктер талабына облыс әкімі де үн қатады деп үміт артады.

Дайындаған: Ербақыт Жалғасбаев

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр