Тапсырма 11 күн бұрын берілген: Қазақстандықтар 42500 теңгелік жәрдемақы дер кезінде төленбегені үшін үкіметті айыптады
Коронавирус салдарынан енгізілген төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған қазақстандықтар 42500 теңгелік жәрдемақыға өтініш бере алмай, дал болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осындай тапсырманы 23 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын. Ал аталмыш жәрдемақыны қалай алуға болатынын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтып кеткен еді.
Алғашында әлеуметтік салықты үш ай төлеген азаматтарға ғана мемлекеттік көмекке іліне алады деп айтылыпты. Содан соң тек бір ай сақтандыру қорына ақша аударса болғаны, жәрдемақы табысталады делінген. Жыр болған жәрдемақы үшінші рет өзгертілді: енді табыссыз қалғандардың барлығы, тіпті, бейресми жұмыс істеп жүргендер де 42500 теңгеге үміттене алатыны жарық көрді. Ол үшін өз бетімен жұмыспен қамтылғандар тіркелсе болғаны.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кеше ғана жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болатынын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді. Бұған қоса шенеунік 2 сәуірден бастап 42500 теңгені тағайындау үшін арнайы сайт пен Telegram желісінде бот ашылатынын айтыпты.
Тіпті, таңертеңнен бастап желілерде жәрдемақыны қалай алуға болатыны жазылған түсіндірме таралып та кетіпті. Алайда оны береті сайт та, бот та жұмыс істеп тұрған жоқ көрінеді. Мұны байқаған қазақстандықтар тағы да әбігерге түсті.
"Құрметті шенеуніктер, не істеп отырғандарыңызды өздеріңіз түсінесіздер ме?. Президент 23 наурыз күні тапсырма берген еді. 11 күннен бері түк өзгермеді", - деп жазыпты заңгер Жангелді Сүлейманов.
"Біраз адамдардар жәрдемақыны алып үлгерді деп айтып жатыр. Олар қайдан алып жүр? Менің өтінішім қаралып жатқанына 5 күн болды", -дейді тағы бір желі қолданушысы.
"Арнайы шараларды жүзеге асыруымыз керек деп президент айтқан еді. Бірақ жоғарыдағылар халықтың наразылығын тудырумен айналысып жатқан секілді", - дейді қазақстандық.
Өз кезегінде аталған түсінбеушілікке байланысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пікірі білдірді.
"Құрметті достар, сіздердің соңғы кездері электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) алуда қиындықтарға тап болып жатқандарыңызды естідім. Бұл қолданушылардың көптігі үшін болып жатқан құбылыс. Қазір мәселені шешу үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаудамыз. Әрине, біраз платформаларды тезірек іске қосқымыз келеді, алайда ақпараттық қауіпсіздік ережелері тағы бар. Бұған қоса мамандарға хакерлік шабуылдар жасалуда. Біз бұл туралы көп айтқымыз келмейді, себебі бұл біздегі қиындықтар, сіздердікі емес", -деді министр.
Айтуынша, "42500" жәрдемақысы бойынша еңбек министрлігімен бірігіп, бірыңғай механизмдер құрастырылуда екен.
"Бұл жақта жәрдемақыға ілінетін азаматтар жайлы деректер келтірілген. Қазіргі таңда 60 мыңға жуық қазақстандыққа төлемақы автоматты түрде аударылатын жайлы SMS жіберілді. Жақын арада egov.kz порталындағы өтініштерді жаңартамыз. Енді сіздер ЭЦҚ-сыз тек SMS-кілтсөз арқылы өтініш бере аласыздар", - деді Жұмғалиев.
Сонымен қатар министр халықты сабырлы болуға шақырып, жақын арада жәрдемақы табыссыз қалғандардың барлығына да тиісті түрде табысталатынын айтып кетті.