Танысын алдап, 260 млн теңге шығын келтірген алаяқ Дубайда ұсталды
Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған/t.me/GenPr
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2010 жылы танысын алдау арқылы банктен несие алу үшін кепілдік беруші ретінде тіркелуін өтінген және ақшаны алғаннан кейін жасырынып, жәбірленушіге 260 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
“Бүгін бас прокуратура мен ІІМ қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті Ш-ны аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадициялады”, – делінген хабарламада.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, 10 жылдай халықаралық іздеуде болған. Өткен жылдың соңында ол Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталды.
Қазір күдікті Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.