Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең танымал қазақстандық банктің мобильді қосымшасында қазақ тіліндегі нұсқасының болмауы жұрттың ашуына тиді

Қазақстандықтардың арасында кеңінен қолданылатын Kaspi.kz мобильді қосымшасы желі пайдаланушылары арасында қызу талқыға түсуде. Бұған себеп - банктің мобильді қосымшасында қазақ тіліндегі нұсқасының болмауы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

каспи

Мәулен Жанболат есімді желі қолданушысы танымал қазақстандық банктің қосымшасында қазақ тіліндегі нұсқасының жоқтығына наразы. 

"Kaspi.kz-ке хабарласып мобилді қосымшаларыңызда қашан қазақ тілі болады деген едім, менджері беті бүлік етпестен “сізді мәжбүрлеп тұрған жоқпыз” дейді. Айтқысы келгені кез келген қазақ тілінде жазатын банкке ауыса бер дейді", - деп жазады ол.

Бұған қоса ол банк осылайша заңға бағынғысы келмейтінін ашық түрде көрсетуде дейді.

Kaspi.kz өкілдері алдағы уақытта қосымшаның қазақша нұсқасы қолданысқа енгізілетінін алға тартты.  

"Kaspi елімізде қолданылатын тілдерге бірдей құрметпен қарай отырып, қызметті сүйікті клиенттерге ыңғайлы тілде көрсетуге тырысады.

Қазіргі уақытта біз Kaspi.kz-ті қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс жүргізудеміз. Біз оны сүйікті клиенттерімізге барынша ыңғайлы және түсінікті етіп жасағымыз келеді. Бірақ қазіргі жағдай біздің жоспарларымызға түзетулер енгізді және пандемияға байланысты Kaspi-дің барлық ресурстары біздің елдің тұрғындарына дағдарыстан шығуға көмектесуге арналған жобаларға бағытталды.

Есіңізге сала кетсек, бұған дейін тұтынушыларды қолдау бағдарламасы іске қосылды, Kaspi Gold шотын онлайн ашуға мүмкіндік берілді, үйден шықпай-ақ Kaspi.kz ұялы қосымшасы арқылы жәрдемақыға өтініш беру қызметтерін қосқан болатынбыз.

Қазақ тіліндегі нұсқаның нақты шығу мерзімін айта алмаймыз, бірақ міндетті түрде жаңалықпен қуантуға тырысамыз", - деп жазыпты банк өкілі желі қолданушысына жауап ретінде.

Kaspi.kz-тің қазақша нұсқасының болмауына "Қазақша жаз" қозғалысы да мән берген көрінеді. Оларға жауап ретінді банктің өкілі Маржан Елшібаева "алдағы уақытта қосымшаның қазақша іске қосылатынын" мәлім еткен.

Осы орайда тек Play Market-тің өзінен Kaspi.kz қосымшасы 10 миллион рет жүктелгенін атап өту қажет. 

Айта кетейік, Stan.kz тілшісі басқа банктердің мобильді қосымшаларына тексеру жасаған еді. Kaspi.kz-тен бөлек екінші деңгейлі қазақстандық банктердің арасында АТФ банктің ATF24 қосымшасы тек орыс тілінде қызмет көрсететін болып шықты.  

 

Талқылау