Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал блогерлер жарнамалаған қаржы пирамидасының басшысы ұсталды

Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деп айыпталған Mudarabah Capital компаниясының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

1981 жылы туған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы қалалық полиция бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

2021 жылғы 27 сәуірде полицияға бір топ азаматтар ASTEX.KZ ЖШС, ACD technology ЖШС басшыларына қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша арыз берді.

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 2019 жылғы ақпан-2021 жылғы қаңтар аралығында аталған ЖШС басшылары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті деп, қаржы тарту үшін бірлескен қызмет туралы шарттар жасалғаны анықталды. Екі жақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға салым сомасының 20 пайызын төлеуі керек еді”, – деп мәлімдеді ол. 

Осыған дейін аталған қылмыстық іске байланысты төрт күдікті әшкереленіп, олардың үшеуі соттың санкциясымен қамауға алынған.

Сонымен қатар, ASTEX.KZ ЖШС-нің екі миллиард теңгеден астам ақша қаражаты 160 салымшыдан MUDARABAH Capital ЖШС арқылы келіп түскен. 

Бұған дейін Алматы тұрғындары танымал қазақстандық блогерлер - Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзім Саидбаев түскен Mudarabah Capital жарнамасына шағымданды. Роликтердің бірінде, компанияның "тиімді исламдық инвестициялармен" айналысатыны туралы айтылған.

Талқылау