Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхамеджан Тазабек тізгіндеген "Тәлім Трендке" белсенділер неге қарсы: Арна продюсері жауап берді

"Қазақстан Ұлттық арнасынан" көрерменге "Тәлім Тренд" бағдарламасының жол тартқаны осы еді, әлеуметтік желі белсенділері өре түрегелді. Себебі - бағдарламаны тізгіндеген белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек. "Тәлім Трендке" қарсы көрермендердің пайымынша, бағдарламада Тазабек "өз идеологиясын насихаттауы мүмкін". Stan.kz тілшісі "Ұлттық арна" продюсері Мақсат Толықбаймен тілдесіп мән-жайды сұрастырды. 

тазабек

Жобаның мақсаты туралы ұйымдастырушылары "отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты әлеуметтік тақырыптар қозғалады" дейді. Дегенмен, қоғам белсенділері бұған "иланбайтын" секілді. 

Заңгер-адвокат Айгүл Орынбек Facebook желісінде бағдарламаның берері жоқ, жүргізуші ауыссын деп үндеу тастауда. 

"Полиция мәртебесін көтеріп, рухтандыру не үшін керек болды саған Тазабек? Халыққа қарсы оқ атуға дайындап жатсың ба? Марқұм Ғазиз Байтасовты күнде шәй ішкендей мінездедің. Оны “бір қылмыскер өлтірді” деп қоясың, миы уланған вахабист, террорист өлтірді деп неге ашып айтпайсың Тазабек? Байғұс Ғазиз ағамыз, көрінде бір аунаған шығар, террористің қолынан қаза болдым ғой деп!  Тәлім бергіш екенсің сол 2011 жылдан  бастап вахабист, террористерге неге тәрбие бермедің? Алаңға митингіге шыққан халықтан полиция қызметкерлері қаза болып жатқан жоқ! Миы уланып, діни теріс ағымда жүрген террористтер полиция қызметкерлерін қырып тастаған! Ал айтшы енді кімге сенің тәлімің керек? Ұлттық арнаны жайына қалдыр! Бұл  тәрбие беретін емес, халықты езетін бағдарлама екен! Бірінші анау түрмедегі сәләфиттерді тәрбиеле!" - деп жазба қалдырды Айгүл Орынбек.

Тазабек десе кірпідей жиырылатын Айгүл Орынбек бұл жолы да үнсіз қалмады. Тазабек пен Айгүлдің арасындағы көпжылдық керісті көпшілік жақсы біледі. Адвокат жеке басына қатысты айтар уәжім жоқ дегенімен, бағдарламадан жүргізушіні ауыстыру туралы талабы барын жасырмайды.

Отандық танымал редактор-сценарист Перизат Мырзахмет жоба туралы оң пікірде. Тазабектің бағдарламасында екі рет қонақ болып қайтқан ол жобаның айтары мол екенін, діни бағыттағы әңгімелер болмағанын жеткізді. 

"Мен "Тәлім Трендтің" екі шығарылымына қонақ ретінде қатыстым. Екеуінде де дінге қатысты ешқандай сөз айтылған жоқ, керісінше, қазіргі ең өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланды. Тазабековтың командасы өз ойларын, позициясын басқа арнаға бұрған. Қазір олар қазақты бірлікке шақырайық, дінге, ұлтқа, тілге  бөлінбейік деген ұран тастап жатыр. Қыздардың жалаңаш жүргені еркектерді импотент қылып жатыр деген бұрынғы ойларынан қайтқан. Феменистік көзқарасқа оң қарайды", - дейді Перизат Мырзахмет.

Талай бағдарламалар мен отандық жобаларға редактор болған ол бағдарламаға халық қарсы емес, керісінше, ыстық ықыласына бөленген жоба дейді. Желідегі 3-4 блогерлердің қарсы болғанына жаппай халық қарсы болып жатыр деп дүрліктірудің қажеті жоқ екенін айтып қалды. 

"Әуелі бағдарламаны көру керек. Сосын бағдарламаның жабылуын көпшілік емес, 3-4 блогерлер айтып жатыр. Ал халық оларды жақсы көреді. Өйткені халыққа қажетті сөздерді айтады. Бағдарламаны сынаушылар көбінде орыстілді аудитория. Сондықтан халық қарсы шығып жатыр деп жалпылаудың қажеті жоқ", - дейді Перизат. 

Желідегі пікірлер арасында "Ұлттық арна басшылығы неге бұл бағдарламаға жол берді, қайда қарап отыр" деген сөз көп. Ұлттық арнаға бас продюсер болып тағайындалған  журналист, тележүргізуші Мақсат Толықбайдың өзінен сол сұрақтарға жауап алдық.

"Желідегі пікірлерді көрдім. Қанша адам болса, сонша пікір барын ұмытпайық. Менің бас продюсер болып келгеніме енді екі апта болды. Каналдан көрсетілетін 12 жоба мен келмей тұрып шешіліп қойған. Мен алып келген, қарауымнан өткен жоба емес. Бірақ бізде әрбір бағдарлама эфирдің алдында сүзгіден өтеді. Бізде "(Ұлттық арнада" - ред.) Алла, Құдай, иман, ассаламағалейкум деген сынды сөздер эфирден жіберілмейді. Ол жағы қатаң бақылаудан өтеді. Аты айтып тұрғандай ол жобада тек қана тәрбиелік мәні бар мәселелер көтеріледі. Шындығында халық бағдаламаға қарсы емес, тек бұған дейін де Мұхаммеджан Тазабектің жеке басына қатысты көптеген пікірлер болды. Соның әсері болса керек. Бағдарламаның тек бірінші саны ғана шықты. Әліптің артын бағайық. Қарсы шығып жатқандар сол бағдарламаны көрмеген де шығар деп ойлаймын", - деп қысқа қайырды Мақсат Толықбай. 

Әр басқан қадамы жұрт назарынан қалт кетпейтін Мұхамеджан Тазабековтың негативті пікір иелеріне қояр сұрағы бар. Ол көптің көңіліне күдік ұялатқан сұрақтарға желідегі жазбасында жауап берді. 

"Менің осы жүргізіп отырған парақшамнан, айтып жүрген “Тәлім Трендтен” кімге не зиян бар? Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, “Мұхамеджан сөйлемесін, Тәлім Тренд тоқтатылсын” деп даурығатындай кім не бүлдірді? “Жақсыда жаттық жоқ, жақсы сөз жан семіртеді, сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел” деп, ізгілікті қалаған ірілердің ұрпағы емес пе едік?!

Айналамыздан ақсақал таппай, қарттардың ішінен қария шықпай қапа боп жүрген заманда, “Тәлім трендтің” алдын тосып, жолын кесетіндей қазақтың көңілі неден тарылды?

Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың “Тәлім Тренд” тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?!" - дейді ол.

Мұхаммеджан Тазабек бағдарламаның мақсат - міндетін еске салды. Сондай-ақ оқырмандарынан қолдау күтетінін, бағдарламаны бастауға ақ ниетпен келгенін, ел күйін күйіттегісі келетінін жазбасында жеткізген. 

"Сіздер ақ тілек айтып, жігер бердіңіздер, мен риза болғаннан қанаттанып, қал-қадірімше қызмет етуге қуат жұмсадым. Елдің тілегі есіктегіні төрге, ылдидағыны өрге шығарады. Сіздердің баталарыңызды алып, ризашылықтарыңызға бөленген “Тәлім Тренд” жобамыз Ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейде, байтақ жұртқа ұсынылмақ екен. Онда тұрған не бар? Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ.

Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?! Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтерсек, тәлімді тұсын тарқатып, пайдалы жағын пайымдасақ одан кім ұтылмақ?" - деп ақтарыла жауап берді ол. 

Бір кездері айтыскер ақын ретінде танылған Тазабек артынан ерген даурықпа сөздерге еті үйренгендей. "Уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен” деген жаланы естіп келе жатқанына 20 жыл болды дейді ол. Тазабеков 2-3 адам қарсы болды екен деп бағдарлама жабылып қалмайтынын кесіп айтты.

"Бес-алты қазақ қарсы болғаннан "Тәлім Тренд" тоқтап қалмайды, бес-алды пост жазылғаннан менің меселім қайтып қалмайды, тек өкініштісі, тыныш жатқан ел дүрлігіп, алаң-құтаң етіп абдырап қалады. Ұтатын шайтан, ұтылатын қазақ", - деп қадап айтты Мұхамеджан Тазабек.

Талқылау