Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда ер адам сүйіктісінің тамағын кесті: Құқық қорғаушы полиция қызметкерлерінің жәбірленушіге қысым жасағанын мәлімдеді

Немолчи қорының басшысы Дина Таңсәрі Талдықорғандағы ер адамның сүйіктісінің тамағын кескен жағдайға қатысты тың деректермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құқық қорғаушының мәліметінше, Жетісу облысының полиция департаменті қылмыскерді ұстағанын және істі "Кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша қайта даярлағанын хабарлады. Дина Смайылова құқық қорғау органдары жәбірленушіні қорқытып қойғандарына сенімді.

"Полицейлер ауруханаға ота кезінде келіп, оны күтті. Реанимациядан енді шығып, отаның өткеніне бір сағат болғанда, полиция департаментіне алып кетті.  Келіншек әлі анестезиядан шықпағандықтан, жолда құсты, тұра да, жүре де алмады. Полиция қызметкерлері одан сондай сәтте жауап алып, құжатқа қол қоюға мәжбүрледі. Сондықтан жауап алу кезінде ол өзін жаман сезініп, қайтадан құсып жіберді", — деп жазады құқық қорғаушы.

Дина Таңсәрінің айтуынша, дәрігерлер де отадан кейін қызды жібермеуі тиіс еді. Полиция қызметкерлеріне ауруханада жауап алуға рұқсат беруі керек. Ол осы оқиғаға қатысты барлық құқық қорғау органдарын жауапқа тартуды талап етеді.

"Елестетіп көріңізші, сізді отадан кейін алып кетіп, дәлізде қалдырады, ал сіздің денеңізден анестезия әсері әлі тарамаған. Одан соң жауап алу үшін бөлімшеге апарады. Біз бұл заңсыз әрекеттер қызметкерлердің жеке қызығушылығына байланысты деп есептейміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен ресми жауап күтеміз", — деп жазды Немолчи басшысы.

Айта кетейік, Талдықорғанда ер адам сүйіктісін бауыздамақ болған. Полиция істі “Бұзақылық” бабы бойынша қозғаған. Кейіннен іс “адам өлтіруге оқталу” бабына өзгерді.

Талқылау