Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйде жатпайсың ба": 70 жастағы таксист әже жұмысын тастай алмай жүргенін айтады

70 жастағы Оразхан Манабаева Аягөзде таксист болып жұмыс істейтін танымал апа. Алғашында күнкөрістің қамы үшін көлікке отырған кейуана қазір бұл жұмысын тастай алмайтын жағдайға жеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

"Жағдай қиын болған соң таксиге шығып кеттім. Содан бері жеті көлік ауыстырдым, мынау сегізіншісі. "Тойота 20-мен" шайымызға тауып жүрміз", - дейді кейуана. 

70-ті алқымдаған әже бұған дейін бір де бір жол ережесін бұзып көрмегем дейді. Апа күнделікті немере-шөберелерін мектеп пен бала-бақшаға тасиды екен.

"Негізі көлік айдағаныма 35 жыл толды, таксист болып 1991 жылдан бастап жұмыс істеп жүрмін", - деп қосты таксист әжей.

Қария 1984 жылы ШҚО-да үш айлық жүргізушілер мектебін бітіргенін айтады. Ол жылдары көлік алу қиын, сауда саласында ақсақалымен қызмет атқарған екен, сонда қызметтеріне алғыс ретінде "Запорожец" көлігін табыстапты.

"30 жылдан бері намаз оқимын", - дейді көлікті тізгіндеген апа.

Оразхан Манабаева бұйыртқанша көлік жүргізуін тоқтамайтынын айтады. Көлікке көп отырмай, үйде отырып қалсам ауырамын дейді. Әжей кейде жақындары жатпайсың ба, неғыласың деген ойларын айтып қалатынын жасырмады.

Үйдегі ақсақалы туралы кейуана: "Күнделікті тәттісін, қазы-қартасын әкеп беріп тұрсаң неге қолдамасқа? Бар-бар жұмысқа дейді" деп күледі. Жол полициясына қатысты "Бәрі маған немере болып келеді ғой, танып алған бәрі", - дейді. 

Талқылау