"Аяғынан тістеп алды": Таиланд жағалауында 57 жастағы әйелге акула шабуыл жасады
Таиланд жағалауында акула 57 жастағы Германиядан келген туриске тап берді. Оқыс оқиға 29 қараша күні жағалауда, демалушылардың көз алдында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail.co.uk басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Viral Press
Жыртқыш Эльке Майер есімді әйелдің аяғын тістеп, жаралаған. Басқа туристер әйелге жағаға шығуға көмектескен. Себебі 30 сантиметрлік жарадан қан тоқтамаған.
Науқас дереу Хао Лак жағажайынан жергілікті ауруханаға, кейін шұғыл ота жасау үшін Пхукеттегі үлкен мекемеге жеткізілді. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, әйел қазір ем қабылдап жатыр. 2 желтоқсан күні оған екінші рет ота жасалған.
Полиция мен экологтардың айтуынша, жыртқыштың ұзындығы 1,5 метрден асады. Олар ауруханаға барып, науқасқа акуланы ұстауға уәде етті.
“Жәбірленушінің жағдайы айтарлықтай жақсарды және ол қалпына келсе, бүгін кешке екінші ота жасалады. Туристің жол жүру сақтандыруы бар және біз оған қолдау көрсету үшін құжаттар бердік. Германия елшілігі де көмектеседі", – деді полиция подполковнигі Эккачай Сири.
Айтуынша, офицерлер акуланы ұстап, басқа жерге көшіру үшін жыртқышты іздеп жатыр.
Теңіздегі экожүйе сарапшысы Тон Тамронгнавасават әйелге доғал тұмсықты акуланың шабуыл жасағанын айтады.
“Акула су түбінде жүзіп келе жатып қозғалған аяқты байқаған болуы керек. Ол өзінің олжасы деп ойлап қалған. Акула тек бір рет тістеген, әрі қарай арпалыспай, жібере салған”, – дейді ол.