Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тағы тасқын: Ақмола облысында бірнеше ауыл топан судың астында қалды

Ақмола облысында бөгеттердегі апат салдарынан келген залал ұлғая түсуде. Мәселен, Ивановка дамбасын қирата аққан су Кенесары ауылының іргесін опырып өткен. Яғни 500 шаршы метрдей аумақты алатын теп-тегіс жер қазылып қалыпты. Тереңдегі тіпті 12 метр. Бұл аздай, сол маңдағы су құбыры да қирап, бір көше түгелдей тіршілік нәрінен қағылған, деп хабарлайды КТК арнасы.

акмола топан су

Кенесарылықтар күн сайын малын өріске айдап, ауылға кіріп-шығып жүрген теп-тегіс жер бір түнде терең сайға айналды. Бұған бір апта бұрынғы Ивановка су қоймасының жарылуы себеп болған. Яғни тасқын ауыл іргесін қазып өтіпті. Үш тараптан автобанмен, теміржолмен қоршалған, ауылдың шығыс жағы ғана ашық еді. Енді сол жерде пайда болған қазаншұңқыр тұрғындарды сыртқы әлеммен байланыссыз қалдырды.

«Су тасыды да мынаның бәрін шәйіп кетті. Қазір мал жүру де қиын. Балалар кеп ойнайды. Өте қауіпті жағдайда отырмыз. Мынаны тез қалпына келтірмесе, тірі адам түгілі өлі адамды апару қиын болып қалды. Зиратқа жете алмаймыз. Осындай жағдайда отырмыз», – деді Кенесары ауылының тұрғыны Рысбек Кірісханұлы.

Бұл аздай, шұңқырдың жиегі құлап, радиусы кеңейіп келеді. Ауыл шетіндегі үйлерге небары 2 метр қалған. Енді тұрғындар баспанымызбен бірге бір түнде жер жұта ма деп үрейленіп отыр. Тасқыннан су құбыры да қираған. Бұл құрсауда қалған жұртқа жығылған үстіне жұдырық болып тұр.

«Су жоқ қазір, міне. Ана жерде тұрбалары жәй жерде жатыр. Гидрант та суға құлады шәйіп кетті құлатып. Районның әкіміне айттым. Сосын істейміз деді. Қашан істейді. Бізге қазір керек», – дейді Кенесары ауылының тұрғыны Қозыбек Назаров.

Жергілікті билік болса, облыс орталығындағыларға жалтақтап отыр. Күн жылып, жер кепсе, «Бурабай су» ауыз суды ретке келтіреді дейді олар. Ал шұңқырға келгенде шарасыз күйде.

«Қандай мүмкіндік бар бәрін қарастырдық. Арғы бетке мал өтетін жол ғана жасай аламыз. Толық жабу үшін әлі қаншама қаражат керек. Ауданнан мамандар келіп, қарады. Есептейді бәрін», – дейді Кенесары ауылдық аймағының әкімі Болат Әміренов.

2000 тұрғыны бар тұтас бір ауылды құрсаулап, көкшетаулықтарға топан су кештірген Ивановка тоғаны дәл мына Қылшақты өзенінде орналасқан. Сел осынау өзен бойындағы Кенесары сынды ауылдардан бөлек, Көкшетау іргесіндегі екі көпірді де қиратып өтті. Қазір тасқыннан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

 

Талқылау