Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тағы 10 әйелден сүйінші хабар күтіп отырмыз": Ләйлә Сұлтанқызы 31 ананың сәбилі болуына қалай көмектескенін айтып берді

Белгілі журналист, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы жасанды ұрықтану арқылы сәби сүйген аналарды көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/

Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде "Ана болғым келеді" хабарының соңғы бөлімі шықса да, өзі негізін қалған “Mariyam” қайырымдылық қоры жұмысын әрі қарай жалғастыра беретінін айтты. 

"Ертең "Ана болғым келеді" хабарының соңғы бөлімі шығады. Бірақ, "Mariyam" қайырымдылық қоры жұмысын әрі қарай жалғастырады. Біздің мақсатымыз – балалы болуды армандап жүрген, "Аңсаған сәби" мемлекеттік квотасын түрлі себептерге байланысты ала алмайтын отбасыларға ЭКО арқылы көмектесу. Егер де сіз көптен бері балалы бола алмай жүрсеңіз, біздің ресми сайтымызға (mariyamfund.kz) кіріп, анкета толтырыңыз. Қорға келген әр хат қамқоршылық кеңесінің отырысында қаралып, талқыланады. Ал егер,  сауапты іс жасап, бір баланың дүниеге келуіне себепкер боламын десеңіз, қаражат аудара аласыз", – деп хабарландыру жасады журналист. 



Тележурналист өзі жүргізген бағдарлама арқылы 31 әйелдің сәби сүюіне ықпал еткенін және 10 пациенттен сүйінші хабар күтіп отырғанын жеткізді. 

“31 әйел, 31 тағдыр. Барлығы тағдырлас болғанымен, жүріп өткен жолдары әртүрлі. Мойымайтын, өмірдің сынағына сынбайтын біздің сүйікті пациенттеріміз. Біздің мақсатымыз – пациенттеріміздің аңсаған сәбилерін қолдарына алуы. Шүкір, бүгінде 11 сәби дүниеге келді: 5 қыз, 6 ұл бала. Тағы 10 анамыздан сүйінші хабар күтіп отырмыз. Қалған пациенттеріміз ЭКО бағдарламаға дайындалып жатыр. Мұның барлығы – ортақ жеңіс. Сіздердің қолдауларыңыз, пациенттеріміздің қайсарлығы және дәрігерлеріміздің біліктілігінің арқасында әлі талай отбасыларға үміт отын сыйлауға ниеттіміз", – деп жазды ол. 

Еске салайық, Ләйлә Сұлтанқызы сүт безінің қатерлі ісігі дертіне алаңдайтынын жеткізген еді. 

 

Талқылау