Қазақстанда Coca-Cola-ны қолдан жасап, базарда сатып келген

Фото: Әділет министрлігі
Шымкент базарларында жоспардан тыс тексеру нәтижесінде "Coca-Cola-ны" қолдан жасап сатқандар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"The Coca-Cola Company" компаниясы тексеріс жүргізуге ресми өтініш жасаған. Компания құқықтарының айрықша бұзылғанын және дүкендерде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғанын мәлімдеген.
“Қала базарларының аумағында жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату фактісі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы анықталды”, – делінген хабарламада.
Тексеріс нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 158-бабы “Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану” бойынша әкімшілік іс қозғалды.
ОқыңызІс материалдары сотқа жолданды.
“Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау — басым міндет. Контрафактілік өнім құқық иеленушілерге экономикалық нұқсан келтіріп қана қоймай, сонымен қатар санитарлық нормаларды сақтамай өндірілетіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертеді”, – деп мәлімдеді әділет министрлігі.
Шымкент қаласының әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді және мұндай тексеру іс-шаралары жүйелі түрде жалғасатынын хабарлайды.