Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Coca Cola мен Pepsi сусындарының өндірісі тоқтай ма: Желіде жұртшылық алаңдаушылық танытты

Coca Cola мен Pepsi өндірісі тоқтай ма

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде қазақстандықтар Coca Cola мен Pepsi сусындарының енді елімізде өндірілмейтініне алаңдаушылық білдірді. Айтуларынша, бұл сусындардың дәмі қазірдің өзінде өзгеріп кеткен және алдағы уақытта шықпай қалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі жазбасында тұрғын Pepsi-дің орнына пайда болатын сусынды көрсетті. 

“Қазақстандық RG Brands компаниясы енді лицензия бойынша Pepsi шығармайды. Оның орнына өз сусынын – Salam Premium Cola өндіретін болады. Бұл атау (нейминг) қалай?”, – деп жазды ол. 

Тағы бір қазақстандық Coca Cola-ның дәмінің өзгеріп кеткенін айтып шағымданды. Айтуынша, бұл сусын да Қазақстанда өндірілмей қалған. 

“Соңғы кезде Coca Cola-ның дәмі қатты өзгергенін байқадыңыздар ма? Тіпті алюминий банкаларда да пластиктің дәмі сезіледі. Сусын бұрынғыдан да тым тәтті болып кеткен. Сөйтсек, енді бізге "Кола" Өзбекстаннан әкелініп жатыр екен. Ол жақта рецепті басқа. Сонда біздің зауытқа не болды? Неліктен өндіріс тоқтап қалды? Айта кетейік, бұл жалған өнім емес. Бөтелкелерде Қазақстанда жарамды нақты акция кодтары бар”, – деді ол

Желі қолданушылары да мұны растап қызу талқылады. 

“Бұл әзіл деп үміттенемін”, “Cola-ның ішінде газ неге аз деп ойлап жүрсем? Құдды бірнеше сағат тоңазытқышта қақпағын ашық қалдырғандай”, “Сонда енді Pepsi-ді кім өндіреді?”, “Өзімді дәм сезбей қалғанмын ба деп ойлап жүрсем”, – деп жазды жұртшылық. 

Stan.kz тілшісі осы жазбаға байланысты компанияның өздерінен пікір сұрап көрді. Coca Cola Қазақстанда өнідірісі тоқтайды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал Pepsi сусынның шынымен өзгеретінін растады. 

“RG Brands пен PepsiCo арасындағы, 25 жыл бойы Қазақстан мен Қырғызстанда Pepsi, Pepsi Zero, 7Up, Mirinda және Lipton Ice Tea сусындарын шығарып, таратуды көздеген келісім 2025 жылдың күзіне қарай аяқталды. Бұл шешім алдын ала жоспарланып, екі тарап үшін де табиғи кезең болды. PepsiCo қазір әлем бойынша жаңа үлгіге – халықаралық боттлерлермен жұмыс істеу жүйесіне көшіп жатыр. Енді компанияның франшизасы бойынша басқа қазақстандық өндіруші жұмыс істейтін болады”, – деп түсіндірді компания. 

Компания қазір өнімдер портфелінің 70%-ын отандық өз маркаларымыз құрайтынын және олардың өсімі жоғары екенін алға тартты.

“Piala, Piala Ice Tea, A′SU, DaDa, Gracio, Lavina және AVA – біздің негізгі брендтеріміз. 2025 жылы біз аймақтың дәм талғамына сай және жергілікті брендтерге деген сұранысты ескере отырып, жаңа кола сусыны – Salam Premium Cola-ны ұсындық. Бұл стратегияны жүзеге асыру үшін өндірісті алдын ала жаңарттық: Алматы және Қостанай облыстарындағы зауыттар толықтай өз өнімдерімізді шығаратындай етіп қайта жабдықталды. Ал жаңа "Аксенгир-2" зауыты іске қосылды.
2023 жылдан бері стратегиялық инвестициялар көлемі 30 миллион доллардан асты. Біз Орталық Азияның бес елін қамтитын, 80 миллионнан астам халқы бар нарықта үлкен мүмкіндік бар деп санаймыз. Алдағы жылдардағы басты мақсатымыз күшті аймақтық брендтерді дамыту, экспортты арттыру және Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстандағы позициямызды нығайту. Тұтынушылар үшін бұл өзгеріс біртіндеп өтеді: дүкендердегі сусын ассортименті сақталып, жаңа өнімдермен кеңейтіледі. RG Brands зауыттарында өндіріс толық көлемде жалғасады”, – деп қорытты компания. 
STAN.KZ
Жұма, 07 Қараша, 2025 16:40
Талқылау