"Ифтар", "сухур", "ақи": Дін мамандары араб және парсы тілінен енген сөздерді қолдануды құптамайды

Фото: panoramio.com
Қазақстанда араб және парсы тілінен енген сөздерді қолдану соңғы жылдары сәнге айналып барады. Тіпті рамазан, сәресі, ауызашар деген қазақша баламасы бола тұра, “ифтар”, “сухур” деп айтатындар көп. Имамдар бұл үрдіс дұрыс емес дейді. Олар тілдің шұбарланып кетуіне жол бермеу керек деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Имамдар діни терминдер мен күнделікті тұрмыста қолданатын сөздердің ара-жігін ажыратып алған жөн дейді. “Әлхамдуллила”, “Аллаху акбар”, “субханалла” сияқты мұсылмандарға ортақ құлшылыққа қатысты сөздер негізгі қалпын сақтауы қажет. Ал қазақ тілінде баламасы бар сөздерді арабша айтып, орынсыз алмастыру дұрыс емес дейді.
“Мысалы бізде ауызашар деген сөз бар. Оны “ифтар” деп атайды. “Сухур” деп жатады. Оның орнына бізде сәресі деген керемет сөз бар. Ол енді тұрмыстық сөздер. Сол секілді “ақи”, “ухти” дейді. Дәретті “уду” дейтіндер бар. Бізде тілімізде қалыптасып қалған дәрет деген сөз бар. Сол секілді қолданыста бар, тұрмыс-тіршілікте бар сөздерге арабша аудармасын іздеу ол ақылға сыятын нәрсе емес”, – деді “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков.
Дін өкілдері тіл тазалығы – ұлттық болмыстың маңызды бөлігі екенін ескертеді.
ОқыңызАл ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр “иншалла”, “машалла” деген сөздерді ақын-жазушыларымыз да шығармаларында қолданғанын еске салды.
“Баламасы жоқ болса, біз ислами ұғымдарды қабылдаймыз. Бірақ бірінші сингармонизм заңына бағындырып алуымыз керек. Ал "иншалла", "машалла" сөздерінің жөні бөлек. Жазба әдебиетімізде бар ма? Бар. Абайдың заманына дейін қолданылған. Тек атеистік кезеңде архаизмге айналды. Әрине, бұл сөздердің бізде баламасы да бар, мәселен "Бәрекелді" деген. Бірақ оның түбін де қарасаңыз, арабтың "баракалла" сөзі шығады”, – деді Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қыдыр.
Ғалым араб және парсының кірме сөздері біздің қоғамға ХХ ғасырдың басында енгенін айтады.