Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұмдық иістен ауырып жатқандар бар": Шарап зауыты Алматы облысы тұрғындарын улап жатыр

Алматы облысында ішімдік шығаратын жергілікті зауыттың кесірінен Шалқар тұрғындары зардап шегуде. Олар кәсіпорынның кәріз суын тікелей ауыл аумағына ағызады дейді. Адамдар экологтарға шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Видеодан скриншот

Тұрғындар сөзінше, жақын жерде орналасқан шарап зауыты ағызатын ағынды су кесірінен шалшық су пайда болған.

"2017 жылы жер телімін алдық, қазір осы жерден үй салып жатырмыз. Шарап зауытынан ағынды су келеді. Қазір салынып жатқан үй құлап қала ма деп қорқамыз, өйткені су әр жерден ағып жатыр. Мына сұмдық иісі бар суды көріп тұрсыз ба? Ал кешке жел соққанда бұл иіс бізге жетеді. Жұмысшыларымыз ауырып жатыр. Бұл жерде үйлер салынып жатқан жоқ, себебі батпақ бар", – деді Дамир Көшкембаев.

Халық зауыт қожайындары өз кінәсін мойындап, ауылға ағынды суды ағызуды дереу тоқтатқанын қалайды. Ылғалдылықтан мұнда құрылыс салу қауіпті дейді.  Иля Құрбанбаева есімді тұрғын бұл жерде қазір үй салып жатыр. Су тасқынынан қорқамын дейді.



"Алғашында суару суы деп ойладық. Шарап зауытының сасық суы деп ойламадық. Ол осы жерден ағып жатыр. Біз құрылысты бастағанда осы зауыттың қожайындары келіп рұқсат құжаттарымызды сұрады. Олар: “Бұл біздің жер, үй салмаңдар деді. Құжаттарымыз бар екенін айттық. Бірақ олар өз құжаттарын көрсетпеді", – дейді Иля Құрбанбаева.

Шағыммен жергілікті тұрғындар әкімдікке жүгінген. Шарап зауытының төңірегіндегі даулы мәселені қазір экология департаменті мен жер инспекциясы зерттеп жатыр.

"Туындаған мәселені шешкіміз келеді. Болашақта бұл жерде үйлер салынады. Зауыт суды ағызатын болса, жер актісі болуы керек. Қазір барлық ақпаратты анықтаймыз", – деді Жандосов ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләйлә Әбіләкірова. 

Зауыт қожайындары әзірге жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Әкімдік олардан әлі ешқандай құжат алмағанын айтады. Шенеуніктер екі аптаның ішінде шешім қабылдауға ниетті.

Талқылау