Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сүйікті күйлерім – "Адай" мен "Балбырауын": Атырауда Кіші жүздегі рулардың бәрін жатқа білетін шетел азаматы тұрады

Атырауда тұратын шетел азаматы Хеймиш Полс кіші жүздің барлық ішіндегі 4 тайпа мен 31 ру жатқа біледі. Ол Қазақстанға келгелі руларды зерттеуге қызыққан. Ал ұлын домбыраға беріп алты күйде ойнауды үйреткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AtyrauPress порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырауға 2017 жылы келген азамат жергілікті компанияның бірінде қызмет етеді. Ол қазақ халқының мәдениетіне қызығушылық танытады екен. Тіпті бос уақытында руларды зерттеуді бастап кеткен.

"Мен қазақтардың руларға қалай бөлінетінін білгім келді. Қазақстанда 200-ден астам ру бар. Қазір мен кіші жүзді ғана жатқа білемін. Жыл сайын əріптестеріммен бірге мен көктемнің келгенін атап өтуді ұнатамын. Ал қазақ мəдениетіне тоқталсақ, мені олардың рулары қатты қызықтырады. Уақыт табыла қалса, бəрін үйренуге асығамын", – деді Хеймиш Полс.

Ол сонымен қатар қазақ киімдерінің əсемдігін де ерекше атап өтті. Ал бауырсақ пен наурыз көженің өзіне қатты ұнағанын да жасырмады. 

“Өзімнің ұлттық киімім бар. Оны арнайы мерекелерге киіп жүремін. Ою-өрнектері мен түстері көңіл-күйімді көтереді. Басқалардан мүлдем ерекше. Мұнда адамдар өте мейірімді, қонақжай. Бұл жердің табиғаты да бөлек", –  деді Хеймиш Полс.

Азаматтың айтуынша қазақтың ұлттық ойындарын кенже ұлым үйретіпті.

“Ол Атырауда оқып жүріп үйреніп алған. Сондай-ақ 15 жастағы ұлым домбырада ойнай алады. Қазір алты күйді еркін орындайды. Біздің сүйікті күйлеріміз – "Адай" мен "Балбырауын". Менің түсінгенімдей, бұл – Атыраудағы ең танымал шығармалар", – деп қосты ол.

Талқылау