Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суррогатты ана болғаннан кейін жақындарым теріс айналды": Өзге отбасыға сәби сүю бағын сыйлаған алматылық келіншектің хикаясы

Алматының 36 жастағы тұрғыны Маржан осыдан екі жыл бұрын суррогатты ана атану шешімін қабылдайды. Барлық медициналық тексерулерден өтіп, мұхит асып келген америкалық жұппен келісіп, олардың көптен күткен сәбиін туып берген. Бірақ жүктілікпен бірге жеке өмірінде проблемалар көбейіп, жақын деп жүрген адамдармен қарым-қатынасы үзілген. Stan.kz басынан ерекше оқиғаны кешірген әйелмен сұхбаттасып қайтты. 

"Ол кезде 34 жаста болдым, Қазақстанда суррогат ана болуға 35 жасқа дейін рұқсат берілген еді. Қазір 40-қа дейін болады. Бұл қадамға жоқшылықтан бармадым. Табысым күнкөрісіме, өзіме жететін, - деп бастады хикаясын Маржан (аты-жөні өзгертілген. - ред). Бір құрбым ИРМ-да жұмыс істейтін, бір күні үйіне қонаққа барғанда, әңгімеден әңгіме шығып, мен өзімді жарты жыл дайындап, біреуге бақыт сыйлайтын болғандықтан, сол қадамға баруға бел будым. Дегенмен әр нәрсенің өз құны бар, оны тегін жасамадым. Ең бірінші күйеуіммен ақылдастым. Отыра берсек ештеңе шықпайды, бір амалын жасайық дедім. Денсаулығым жақсы, өзіміздің балалар бар. Өзіме, денсаулығыма, стресске түспейтініме, ол көтерген балаға бауыр басып қалмайтыныма сенімді болдым. Дегенмен ер адамға оны қабылдау қиын болды".

Әйелдің көмегіне жүгінгендер - мұхиттың арғы жағынан келген АҚШ азаматтары. Олармен ағылшын тілінде сөйлескен. Біздің кейіпкерімізге жақындары ол балаға қайтіп бауыр басып қалмайсың деген сұрақты жиі қойған екен. 

"Қарапайым сөзбен түсіндіргенде, пәтерді жалға алғандай, тапсырыс берушілер жатырымды "жалға алды". Өзіме солай түсіндірдім. Жақсы адамдарға кезіктім, танысқаннан кейін айнып қалған кездерім де болды. Ол кісілердің отау көтергеніне 15 жыл болып қалған, бірнеше рет ЭКО жасатқан, үміттері үзілген еді. Суррогатты аналардан талап етілетіні - ішімдік ішпеу, темекі тартпау және өзін күту. Ол бізге артылған жүк, аманат болғаннан кейін жауапкершілігі де үлкен. Көбіне әрине әлеуметтік әлсіз топтардан шыққан әйелдер мұндайға барады. Мен өзімді бұл топқа жатқызбаймын, бірақ көмектескім келді", - дейді Маржан. 



Келіншектің айтуынша, нәрестенің дүниеге келгеніне екі жыл өтсе де, әлі күнге дейін ол кісілермен араласып тұрады екен. Олар да баланың өсіп келе жатқанын түсіріп, жиі суреттерін жіберіп тұрады. Әр мереке сайын құттықтауларын қалдырмайды.

"Мен басқа континентте менің тілеуімді тілеп жүретін азаматтардың барын білемін. Балаларымды оқуға шақырады. Жалпы балаларына жүкті болмай тұрып, сол туралы да келісіп қойғам. Балаларым жоғары сыныптарға көшкенде ме, оқуға түскенде ме, АҚШ-қа барады, оларға көмектесесіз деп. АҚШ-та суррогатты ананың көмегіне жүгіну қымбатқа шығады, ол жерде де бірнеше рет сондай көмекке жүгінген, содан кейін Алматыға келіп жасауды ұйғарған. Баланы қырқынан шыққанша емізуімді сұрады, бірақ мен бас тарттым. Оны не қыласыз? Ондай сүт кейін қайдан табасыз? Бірден ата-ана болуға үйреніңіз деп. Бірақ бала қырқынан шыққанша осында болды, әпкем екеуміз көмектестік, баланы қазақ дәстүрі бойынша қырқынан шығарды. Қырық суға түсіріп, барлық ырым-жоралғыларын жасадық. Бұл бізді сыйластық, мәдениетімізге деген үлкен құрмет деп білемін", - деп баяндайды Маржан. 

Ол америкалық азаматтардан тиесілі ақшасын алғанынан бөлек араларында жақсы қарым-қатынас, сыйластық орнағанын айтады. Айтуынша, суррогатты аналардың көмегіне қазір жүгінетіндер көп екен. Тіпті қолжетімді бағалар үшін Қазақстан "Суррогатты туризм орталығына" айналып бара жатқан көрінеді. Донор болып отырған жас қыздар көп екен. Өкінішке орай, барлығы делдалдар арқылы шешіледі. Көп адам сол делдалдардың көмегіне жүгінеді, бірақ мұндай көмекті қажет ететіндер бірден орталыққа тіркеліп, ешқандай делдалмен телдеспесе де болады. "Жалпы, алғаш рет ИРМ-ге барғанда, бала көтере алмай, сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың көптігіне таңғалдым" деді сөз арасында Маржан. Қазақтар, орыстар, түріктер, әзербайжандар - бәрінде бір мәселе. Жан-жақтан келіп жатқандар бар.

"ЭКО жасатып, ол сәтсіз шығып, жылап-сықтап, жарды ұрғылап жатқан қаншама отбасыны көрдім. Бірақ ол әйелдердің жанында қолдап жүрген мықты ерлер бар. Мен бала туып берген отбасы да 15 жылдың ішінде 10 жыл бойы балалы болудың барлық амалдарын жасаған. Әйелге төрт рет ЭКО жасаған, ең ұзақ көтергені алты айға жеткен. Содан кейін беті қайтып қалған. Бірақ әйел бірнеше жыныс жасушасын сақтап үлгерген екен. Бірақ тек екі жасуша қалған. Мен күйеуімнен рұқсат алдым, бәлкім ол дәл сол кезде дұрыс түсінбеді ма, келісті. Сөйтіп 2018 жылдың қыркүйегінде олар АҚШ-тан ұшып келіп, 15-і күні жасататын болдық. Өздері контейнермен алып келген екі жасушасының бірі әлсіз болып шықты. Дәрігерлер екеуін саламыз, бірақ кепіл бермейміз деді. ЭКО-дан шықсам, дәлізде жылап отыр екен, мен қорықпаңыз, жолым болғыш адаммын, ұл туып беремін деп үміттендірдім", - деп жалғастырды әйел. 

АҚШ-тан келген жұп әйелге жатырдағы баланы аманаттап, өзін күтінуін сұрап қайта үйлеріне оралған. Екі аптадан кейін Маржанның жүктілігі анықталғанда қуаныштарында шек болмапты. Ай сайынғы жеміс-жидек, дәрумендеріне келісілген сомадан бөлек 150 мың теңге жіберіп отырған. Маржан күнделікті өмірін, жұмысын жалғастыра береді. Жүктілігі туралы тек тұңғышына айтып түсіндірген. Дегенмен, келіншектің жүктілігі кезінде көңілге қаяу түсірген сәттер көп болыпты. Алғашқысы, әйелдің отбасылық жақын жолдастарына өз жүктілігі туралы хабарлағаннан кейін басталыпты. Маржан босанғаннан кейін артық әңгімелер болмас үшін осындай қадамға баруға бел буған. 

"Жұбайым бала кезінен араласып келе жатқан 40 шақты адам болды. Оларға түсіндіруге тырыстым. Балаларымның болашақта ол елдегі жүріс-тұрысы туралы келістім дедім. Жалпы америкалық отбасыға тап болғаным кездейсоқ болдым. Соңғы екі жылда АҚШ-қа кетіп тұрамын деп жиі айтатынмын. Бізді таныстырғанда қатты таңғалдым. Оған дейін жарты жылдай тексеруден өттім. Бала көтеріп, достарымызға хабарлағанда, күйеуімді айнытып тастаған болуы керек. Үйге келіп, жолдасым "болмайды, бұл баланы алдырту" керек деді. Сонда жақындарымыз деп жүргендер мұны көзге шөп салумен салыстырыпты. Мен біреудің сеніп тапсырған аманатына қиянат жасай алмадым. Күйеуіме менімен бірге соңына дейін болуға немесе ажырасуға ұсындым. Оның сыртында түсік жасатсам, мен өз тарапымнан қыруар ақша төлеуім керек, оның барлығы тексеріледі. Біз жағдайымызды ашық айтқанымызға қарамай, сыртымыздан тон пішкендер шын жақындарымыз болмай шықты. Олардың барлығы бізден теріс айналды. Арасында үш отбасымен ғана қарым-қатынасымыз үзілмеді", - дейді басынан өткергендері туралы әйел. 

Ол өзі үшін сәйкесінше қорытынды жасап, жолдары екіге айырылғанын дұрыс қабылдаған. Бұған дейін бір дастарханның басында отырған адамдар үйлеріне шақырудан қалып, сыйластық та үзілген. Әйел де ортақ чаттан "Сендерге ешқандай жамандық жасаған жоқпын, бұл - менің тағдырым, менің таңдауым" деп шығып кеткен. Жақындарынан тек өз анасы мен енесіне ғана айтқан екен. Достарымен бала кезінен араласқан жұбайы уайымдап, екеуінің арасына сызат түседі. Арада көп уақыт өтпей Маржанның әкесі бақилық болған. 

"Бізді "ақшадан өлген", "бұлар ақша үшін жанын сатады" деп шығарды. Үш күн өтпей әкем қайтыс болды. Мені әңгіме қылғандар қонағасынан алып, еттен асап отырды", - деп ренішін жасырмады келіншек.

Маржан жүктіліктің кезінде қатты сезінбегенін айтады. Өйткені өзін саналы түрде бұған әбден дайындаған. Босанғаннан кейін өтірік айтқысы келмеген әйел жақын араласатын көршілерінен де шындықты жасырғысы келмеген. Көрші келіншектер таңданыстарын жасырмай, "батыр екенсің" деп, қолдауларын көрсеткен. Кейін бұл тақырыпты ешкім сыртқа шығарып, көтермеген. Сөйтіп, маусым айында әйел аман-есен босанады. 

"Күйеуім жүгіріп барып баланы қараса, кәдімгідей еуропалық бала. Қатты таңғалды. Баланың салмағы ірі болды. Сыртта биологиялық ата-анасы уайымдап күтіп жүрді. Қуанғандары соншалықты тізерлеп тұрып күйеуімнің аяғын сүйіп, алғыстарын жаудырды. Оларға шексіз бақыт сыйлағанын айтып, ері жылап, жатып-тұрған сайын сіздердің тілектеріңізді тілеп жүреміз деді. Қазір баланың видео-фотоларын жібереді. Балақай жүгіріп жүр", - дейді Маржан. 

Ол босанғаннан кейінгі стресстен, жүктілік кезіндегі күйзелістен ұзақ шыға алмаймын ба деп уайымдаған. Бірақ барлық қиындықтарды еңсеріп, қазір қалпына келген. Жарымен де қарым-қатынасы дұрысталған.

"Басында бұл туралы жыламай әңгіме қозғай алмайтынмын. Қазір екі жыл өтті. Өзіме де, жары ма да, отбасымызға да үлкен сынақ болды. Қоғамның көзқарасына дайын болмадық. Қазір барлығын өткердік. Ешкім еріккеннен бұған бармайды: Біреуі ажырасып, баспанаға ақша жинау үшін, біреуі анасын қатерлі дерттен құтқару үшін, біреуінің жұбайы жұмыссыз, несиелері бастан асқаннан барады - барлығының себебі бар", - деп бөліседі Маржан.

Ең қызығы, әйел суррогатты ана атанғасын, жұбайының да жолы ашылып, жұмысы жүре бастаған. Бәлкім, сәби сүю бақытын сыйлаған кісілердің батасы әсер етті ме екен, жоқ өміріндегі "артық адамдардың" кетуі ме. Бүгінде Маржан ол қадамы дұрыс болды ма деп ойланатын мезеттер болады, бірақ қайткенмен де басқа отбасыға жақсылық жасағанына өкінбейді.  

 

Сұхбат алған: Жанар ЖАНСЕЙІТ

 

Талқылау