Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Субсидиялар желге ұшты": Ауыл шаруашылығы саласында қаржы жымқыру бойынша 65 қылмыстық іс қозғалған

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов азаматтық форумда сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы саласындағы қаржы жымқыру фактілерінің тергеу барысына тоқталып өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

мал шаруашылыгы

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Антикорда субсидиялар қажеттілігін жоспарлау бойынша сұрақтарға назар аударылды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер бюджеттік өтінімдерді шамамен қаржыландыру көлемімен өткен жылдардың көрсеткіштеріне қарай қалыптастырғаны белгілі болды. Бұл ретте бірде-бір ғылыми немесе экономикалық негіздеу болмаған. Мемлекеттік бағдарламалардың мақсатты индикаторлары нәтижеге емес, жүзеге асуына бағытталған.

"Мысалы үшін, мал шаруашылығына қатысты көрсеткіштердің көпшілігі субсидиямен қамтылған табын санын көбейтуді ғана мақсат етеді. Нормативтік-құқықтық актілер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері арқылы ғана өткен. Ақпараттық жүйелер алаяқтар үшін осал тұс болған. Субсидиялардың мақсатты жұмсалуына бақылау болмаған. Осы жерден ұрлық пен жемқорлық шығады. Адал шаруалар өздерінің таза субсидияларын ала алмаған. Осының барлығы олардың наразылығын туғызған. Тіпті байланыссыз, парасыз субсидия алу мүмкін емес деген сөздер де тарап кеткен. Ал мұның барлығы азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралардың жолын кесуде",  – деді антикор басшысы.

Оның сөзінше, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық жауапкершілікке 450 адам тартылған. Сараптама көрсеткендей, сол схемалар жылдан жылға субсидияларды ұрлау үшін қолданылған, алайда олардың себептері мен шарттары анықталмаған.



"Мәселен, жайылымдық жерлерді суландыруға берілетін субсидиялар бюджет қаржысын жымқырушылардың ұзақ уақыттық "азықтандыратын қазанына" айналған. БҚО-да облыс әкімдігінің басқарма басшысы қамауға алынды. Ол бөтен адамдармен бірлесе отырып, 120 шаруаның атынан жалған қағаздарға алаяқтық жолмен қол қойып, есепшоттары арқылы ақшаларды шығарып отырған. Соның салдарынан олар көпшілік үшін жұмыс жасамайтын жабдықты орнатқан. Осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан субсидиялар желге ұшты. Бір жағынан мемлекет шығынға батып, екінші жағынан мал сусыз қалған. Ал уәкілетті органдар әрекетсіз отырған", – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 қылмыстық істі тіркеген. Олардың 18-і күдікті деп танылып, қалған 14-і қамауда отыр. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда.

"Жасалған жұмыстың қорытындысы бойынша барлық кінәлілердің жауапкершілігі туралы мәселе көтеріп, үкіметке тиісті ұсыныс жіберетін боламыз", - деді Марат Ахметжанов.

Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі антикордың ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша нақты шаралар жоспарын әзірлеп жатқанын айтты.

Талқылау