Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жем-шөпті мол дайындау керек": Биылғы қыста жұт болу қауіпі бар ма?

Биылғы жаз құрғақшылық жанға ауыр тимесе де, мал басына шығын әкелді. Жаздың өзінде көтерем болып қалған төрт түлік енді қайтпек? Ал жаз осылай болса, қыс аяғы да ұзап, берекені қашыратынын ауыл ақсақалдары да, Қазгидрометте айтып отыр. Енді осы алты ай қысқа дайындығымыз қай шамада? Жыл он екі ай тебіндеп жүретін жылқының өзі бұратылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме беріп хабарлайды.

“Қазақтың байырғы есепшілері жазға қарап қыстың болжамын жасайды. Жазды ыстық болса, қыста суық болады. Жазда жаңбырлы болса, қыста қар қалың болады. Жазда жел көп соқса, қыста қарлы боран болады деп жорыған”, – дейді этнограф, астролог Болат Бопайұлы. 

Байырғы қазақ пайымына салсақ, биыл қыстың қатты боларын болжауға болады. Тіпті, қар ерімей, жер жібімей ұзаққа дейін тұрып алуы мүмкін. Ондайда малды өрістете алмайсың.

Болат Бопайдың айтуынша, қатты суық болғанда мал жем-шөп қорада болмаса, өріске тебінге шыға алмайды.

“Екінші, қар қалың жауып кетуі мүмкін. Жұқа жауған күннің өзінде де қатты аяз болғаннан кейін жерге тоң жүріп, қар мұздақ болып қатып, тепсең шықпай, мал жайыла алмауы ғажап емес. Сондықтан биылғы қысқа сәл қарауға болмайды. Жалпы алғанда қорақалтқымен жем-шөпті мол дайындау керек”, – дейді ол.

Қыстың жайсыз боларын күн райын болжаушылар да айтып отыр. Жылдағыдан суық болады дейді. Әсіресе, солтүстік өңірді біраз әуре-сарсаңға салғалы тұр. Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранды күндер көп болса, оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады.

Қаңтар – жылдың ең суық айы, өйткені Моңғолия аймағынан антициклонының әсері күшейе түседі. Түнгі сағаттарда термометр бағаны елдің солтүстік жартысында -35-40°С-қа дейін, оңтүстігінде -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Синоптиктер қара суық наурызда да болады дейді. Тіпті, сәуірге дейін ұласуы мүмкін.

Ал бұл этнографтың "биылғы қыс 6 айға дейін созылуы мүмкін" деген тұспалына сай келетін сынды. Мұны ауыл шаруашылығы саласында жүргендер біле ме? Қысқы мал азығын қамдап жатыр ма?

“Арнайы қор жасақталуда. Республика бойынша 24,1 млн шөп және 11,5 млн жем дайындалды. Бұл жиналған жем қыс мезгілінде малдарға жетеді деген көзқарас бар. Арнайы тариф болғанда, мысалы Маңғыстау облысы бойынша шөптің бір келісіне 74 теңгеден артық бағада сатуға тыйым салынады. Кебектің бағасы келісін 101 теңгеден артық сатуға рұқсат етілмейді”, – дейді ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту стратегиясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Ғаниев.

Мамандар жем-шөпті жылдағыдан артық жинадық, сондықтан жетпеу қалуы мүмкін емес дейді. Сол себепті жұт болады дегенді теріске шығарып отыр. 

Талқылау