Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда 1,5 жылға сотталған прокуратураның экс-қызметкерінің жаза мерзімі 8 жылға өзгерді

Маңғыстау облысының апелляциялық соты Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасарының үкімін қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айдын Қазыбектің парақшасынан/суретте марқұм болған Марат Болат

Бірінші сатыдағы соттың үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді.

Апелляциялық сот алқасы істі зерттеу нәтижесі бойынша сотталушының ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа берілгені (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) анықталды. Сотта прокурор айыптауды онша ауыр емес жазаға, яғни Қылмыстық кодекстің 104-бабы, 1-бөлігіне өзгерткен (Абайсызда адам өліміне әкеліп соғу).

"Қылмыстық процессуалдық кодекстің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, егер прокурор айыпты өзгертсе, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот істі жаңа айыптау бабы бойынша қарайды. Сот отырысының аудио-видео жазбасынан соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмегені байқалады. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген", – делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған.

"Істің мән-жайына сүйене отырып, жанжал кезінде сотталушы Т-ның жәбірленуші М-ның жамбас тұсынан тепкілеп, басынан жұдырықпен ұрғаны анықталды. Салдарынан жәбірленуші құлап, есін жимай, алған жарақатынан қайтыс болған. Т-нің кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен бірінші сатыдағы соттың үкімінің күші жойылып, жаңадан айыптау үкімі шығарылып, Т қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", – делінген сот хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда адам өлтірген экс-прокурор 1,5 жыл шартты жазамен құтылып кеткені туралы жазған едік. Ақтау қалалық соты айыпталушының кінәсі дәлелденгенін, оның "абайсызда кісі өлтіру" бабымен сотталғанын мәлімдеген. 

Талқылау