Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек кімнің есебінен жүргізілетіні белгілі болды

Қаржы министрлігі үкімет қаулысын дайындады. Құжат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін мемлекеттік резервтерді пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Су тасқынына байланысты несие беруді кейінге қалдырып, шағын және орта бизнесті қолдау көрсетіледі. Мемлекет резервтерін пайдалана отырып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Қосымша қаражат тарту ғана емес, өтемақы алушылардың тізімін кеңейту ұсынылып отыр.

“Ұлттық экономика министрлігі қазір шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген шығынды өтеу ережелерін әзірлеп жатыр. Бұл Қаңтар оқиғасының мысалына негізделген”, – деді қаржы министрлігі бюджеттік заңнама департаментінің директоры Олжас Бейсембаев. 

Банктер өз кезегінде жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге несие беру мерзімін кейінге қалдыруға дайын. Халық қаржы институттарына өздері хабарласа алады немесе әкімдіктер арқылы жасай алады. Бизнесмендер банкке жеке өтініш жазып, дәлелдеме беруі керек.

“Жеке тұлғаларға үш айға дейін кейінге қалдыру қарастырылған. Жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес қаржылай жағдайына қарай шешіледі. Ешқандай айыппұл мен өсімпұл болмайды”, – деді банк секторын және банктік емес ұйымдарды дамыту орталығының тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова. 

Төлемдерді әкімдіктерден алуға болады. Әр аймақ бойынша мөлшерді залалды бағалау комиссиялары анықтайды.
Алаяқтық фактілері де жиілеп кеткен. Өтемақы алу үшін адамдардан күмәнді сілтемелерге өту сұралады. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS хабарламалар арқылы таратылады.

Талқылау