Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқынынан кейін Атырау халқы қалада маса көбейгенін айтып шағымданды: Әкімдік зиянкестермен күрес жүргізбеген

Су тасқынынан кейін Атырауда маса көбейген. Соның кесірінен жұрт далаға шыға алмай жүр. Әкімдік өкілдері жәндіктерді улау биыл тым кеш басталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Қазір Атырауда күндіз температура 40 градусқа жетеді. Аптап ыстықта маса қаптап, тұрғындардың мазасын қашырған. Кешкі уақытта терезе ашу мен далаға шығудан қалдық дейді жұрт. Сол үшін дәрігерлер зиянкес шаққан жерге арнайы жақпамай жағып, спрей қолдануға кеңес берді. Себебі маса инфекция таратуы мүмкін.

“Маса адамды шағу арқылы инфекция таратады. Тұрғындарға өзенге жақын жүрмеуді кеңес етемін, өйткені зиянкестер суда көбейеді. Денеңіз бөртіп кетпеуі үшін міндетті түрде арнайы жақпамай жағу керек”, – деді дәрігер Архан Қамзин.

Жалпы масамен күрес наурызда басталуға тиіс еді. Алайда әкімдіктегілер қансорғыштарға қарсы дәрі шашатын компанияны әлі таппаған. Шенеуніктер халықтың шағымы көбейген соң демеушілерді тартуға мәжбүр болдық деп отыр.

“13 маусымда конкурс қорытындысы белгілі болады. Жеңімпаз деп танылған мекеме барлық жұмысты атқарады. Біздің бекітілген кестеміз бар, соған сай жұмыстар жалғаса береді. Жайықтың көтерілуі масаның көбеюіне ықпал етіп отыр. Қалалық әкімдік демеушілерді тарту арқылы жұмыстарды істеп жатыр”, – деп мәлімдеді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторы бөлімінің меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Қала әкімдігі бюджеттен масаны улау жұмыстарына былтырғыдан екі есе көп қаржы, яғни 100 миллион теңгедей бөлуді жоспарлаған. Алдымен көпқабатты үйдің жертөлелері мен Жайықтың жағасы, сосын саябақтар дезинсекцияланбақ.

Талқылау