Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да Эколог күніне орай сала мамандары марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында Эколог күніне орай қоршаған ортаны қорғау саласының мамандары марапатталды. Мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін құрметке ие болды.

Қазақстанда 5 маусым – Эколог күні ретінде атап өтіледі. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов экология саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне жоғары баға берді.

“Бұл күн қоршаған ортаны қорғауды, табиғи ресурстарды сақтауды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді өмірлік мұратына айналдырған жандарды біріктіреді. Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Мұнда Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған металлургия, энергетика және өзге де салалардың кәсіпорындары шоғырланған. Сондықтан экология мәселелері әрдайым ерекше назарды, жоғары біліктілік пен ұстамдылықты талап етеді. Сіздердің еңбектеріңіз – жай ғана кәсіби қызмет емес. Сіздер азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге, таза ауамен тыныстауға, сапалы ауыз су тұтынуға және қауіпсіз жағдайда өмір сүруге деген конституциялық құқықтарын қорғаудың алдыңғы шебінде жүрсіздер. Экологиялық бақылауды қамтамасыз етіп, экономикалық даму мен табиғатты сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті табуға ықпал етіп келесіздер”, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның табиғи байлығы ел мақтанышы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алтайдың асқар таулары, ну ормандары, өзен-көлдері болашақ ұрпаққа аманат болып табылатын баға жетпес мұра.

“Бұл баға жетпес мұраны сақтау – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстарда сіздердің рөлдеріңіз айрықша. Бүгінде сіздер "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында экология мәселесі тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның назарындағы маңызды бағытқа айналып отыр”, – деді облыс әкімі.

Марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстың маңызын атап өтті.

“Әрбір эколог туған өлкесінің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қосуға тырысады. Еңбегіміздің бағаланып, қолдау көрсетіліп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Бұл салада жалғыз емес екенімізді сезіну – маңызды”, – деді ШҚО Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Наталья Гожеман.

Ал "Өскемен тынысы" экологиялық қорғау бюросының төрайымы Елена Березинская-Абилова марапаттау рәсімі аясында экологтар мен қоғам белсенділері қатысқан ашық диалог өткенін айтты. Кездесу барысында қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, алдағы жоспарлар мен ұсыныстарын ортаға салған.

Шара барысында қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті дамытуға, өңірді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысқаны үшін бірқатар маман облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Олардың қатарында ШҚО Орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындарының өңірлік қауымдастығының директоры Виталий Чернецкий, "Өскемен тынысы" экологиялық қорғау бюросының төрайымы Елена Березинская-Абилова, "Veritas" озық даму орталығының аға ғылыми қызметкері Дәулет Асанов, эко-белсенді Танир Ясса, ШҚО Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Наталья Гожеман, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Ақмарал Ерболова және аталған басқарманың табиғатты қорғау бағдарламалары бөлімінің бас маманы Айгерім Мұсабаева бар.

Stan.kz
Жұма, 05 Маусым, 2026 14:18