Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот үкімі шықса да Тимур Құлыбаев ҚазҰУ-дың жерін әлі қайтармаған

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер дауы әлі шешімін таппады. Биыл Алматы сотының үкімі бойынша жер оқу орнына қайтарылуы тиіс. Бірақ миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы жер ресурстары департаментімен соттасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің Әл-Фараби даңғылымен шектесетін оңтүстік бөлігінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі компания "Atlas development" заманауи бизнес орталық салуда.

Бизнес орталық салынып жатқан жер телімі бұрыннан жеке меншікке өткен. Құрылысқа арналған қоршаудың ішінде, ғимараттың айналасында тұрған учаскелер университеттен қала әкімдігіне өтіп, әкімдік оны жеке компанияға жалға берген. Жалпы аумағы – 0,8 гектар. Онсыз ғимаратты салу, ашу мүмкін емес.

"Ақ жол" партиясы фракциясы осыған қатысты прокуратураға сауал жолдады. Прокуратура жерді алуда заң бұзушылық барын мойындады. Жер ресурстарын басқару комитеті Құлыбаевтың бизнестеріне қарайтын "Atlas development" ЖШС мен "Omirex" ЖШС-ны сотқа беріп, Алматының ауданаралық экономикалық соты арызды қанағаттандырып, үкім шығарған.

2022 жылғы 21 қазанда шыққан сот үкімінде Алматы әкімдігінің 2017 жылғы үш қаулысы қарастырылды.

  • Жер қатынастары басқармасы мен "Atlas development" компаниясы арасындағы жерді жалға беру туралы 2020 жылғы келісімшарттың күші жойылды;
  • Әл-Фараби университеті мен жер қатынастары басқармасының арасындағы жерді жалға беру туралы 2021 жылғы келісімшарттың күші жойылды;
  • Университеттің жерін 73,2 гектар қылып, бұрынғы қалпына келтіру міндеттелді;
  • Жауапкер мемлекет пайдасына 11 130 теңге төлеуге міндеттелді.

Осы үкімге сүйеніп, журналистер жер университетке қайтарылғанын мәлімдеді. Алайда бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында учаскелердің құқық иесі ретінде әлі "Atlas development" компаниясы тұр.

Жер қатынастары заңгері, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сөзінше, жерді қайтаруға Бауыржан Байбектен кейінгі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұсында әкімдік бекіткен қаулылар кедергі келтіруде.

“2020 жылы, 2021 жылы Бақытжан Сағынтаев қабылдаған кейбір қаулылар соттың шешімі бойынша бұзылған жоқ”, – дейді Базарбек.

Жер ресурстарын басқару комитеті тағы бір сот процесі жүріп жатқанын айтты. Мекеме Алматы әкімдігі, жер басқармасы, Құлыбаевтың компанияларын жауапкер ретінде көрсетіп, даулы жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тану туралы арыз берген.

Сағынтаевтың тұсындағы қаулылардың күшін жою жөнінде сотқа кеткен екінші арыз бойынша іс біршама уақытқа созылды. Экономикалық соттың судьясы Тұрғынбаев наурызда арызды қабылдап, маусымда іс жүргізуді тоқтатқан. Кейін қалалық сот алқасы істі қайта қарау керек деп ұйғарып, қазан айында судья Тұрғынбаев істі қайта қабылдаған. Қазір процесс жүріп жатыр. 

Тимур Құлыбаевтың "Atlas development" компаниясы әкімдіктен жалға алған жер телімдерінің ірісінің пайдалану мақсаты – паркинг құрылысы.

Ұлттық университеттің аумағынан биыл тағы екі жер учаскесі бөлінген. Бірінің аумағы – 8,5 гектар, екіншісі – 1,2 гектар. Кейбір жатақханалар осы аумаққа кіреді. Университеттің мәлімдеуінше, 8,5 гектар жерге жатақхана салатын инвестор іздестіріліп жатыр.

Талқылау