Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот процесі аяқталмады: Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяға қарсылық танытты

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында сот процесі аяқталып, жарыссөз басталуы керек еді. Бірақ Гүлмира Сатыбалдының адвокаты судьяға қарсылық білдірді. Ол судья қорғаушы тарапқа өз кінәсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік бермеді деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Гүлмира Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниалованың айтуынша, судья Кәкімжанов қорғалушы мен оның адвокаттарының процессуалдық міндеттерін орындауы үшін қажет шарттарды бұзған. Сонымен қатар ол сот барысында Сатыбалдының кінәсіздігін дәлелдейтін ешқандай құжат ұсынылмаған деп шағымданды. Қорғаушы сұраған сараптама жүргізілмеді, қосымша куәлар шақырылмады, сот олардың өтінішін қанағаттандырғанымен, судья әлі де сот тергеуін аяқтап жатыр деді ол.

“Судья Гүлмира Сатыбалдының кінәсіздігі туралы дәлелдемелерді ұсыну мен зерттеуге кедергі келтірді. 2024 жылғы 19 тамызда сот қаралып жатқан іс бойынша сот тергеуін тоқтату туралы заңсыз ұйғарым шығарды. Сонымен қатар ол сот тергеуі барысында тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттеумен шектеліп, сотталушы Сатыбалдыны дәлелдемелер ұсыну мүмкіндігінен айырды", – деді адвокат Әсемгүл Даниалова.

Осылайша сот төрағасы жиналыс бөлмесіне барып, кеңес өткізді. Кейін іске төрағалық етуші Мартпек Кәкімжановқа қарсы арызды осы соттың тағы бір судьясы Еркін Майшинов қарады.

“Сот қорғаушы тараптың қосымша куәгерлерден жауап алу және іс бойынша қосымша дәлелдемелер мен материалдарды ұсыну бойынша талабын қолдаған жоқ. Сол себепті қорғаушы тараптан судьяға, сот төрағасына қарсылық білдірілді. Жәбірленуші тарапынан бұл қарсылық қанағаттандырылмайды. Себебі екі жақтан да берілген уақыт жеткілікті болды, яғни осы іс бойынша негізгі сот басталғалы бір жыл өтті. Осы бір жыл жеткілікті деп санағандықтан, қорғау тарапының берген уәждемесін негізсіз деп тапты. Кеңес нәтижесінде қорғау тарапынан берген уәждемені қанағаттандырмау туралы шешім қабылданды. Себебі Қылмыстық кодекстің 24-бабына сай, сот бұл іске тікелей немесе жанама қызығушылығы жоқ, ол тек тараптардың шешімімен келіспейді. Және ол осы уақытқа дейін көрсетілген барлық негіздеме мен куәгерлерді осы сот бойынша істі толық қарастыруға жеткілікті деп санағандықтан, уәждеме толық қанағаттандырылған жоқ”, – деді судья Еркін Майшинов.

Қазір үзіліс жарияланды. Бұл сот процесі бойынша жарыссөз әлі басталмады.

Айта кетейік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр. 

  1. Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  2. Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.
Талқылау