Сот павлодарлық әйелді зорлады деп айыпталған ер адамды ақтап шықты
Павлодарда сүйіктісін зорлады деп айыпталған ер адамды сот ақтап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos.com
Соттың мәліметінше, павлодарлық ер адам сүйіктісімен жарты жылдай кездесіп жүрген. Соңғы кездесуде олардың арасында жанжал туындап, ер адам сүйіктісін ұрып-соға бастаған.
"М-ны басынан және денесінен ұрып, тепкілеп, жерге құлатып, тұншықтырған. Салдарынан жәбірленуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Жәбірленуші Н ауруханада құқық қорғау органдарына жүгінген", – деп хабарлады сот.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) және 120-бабы (Зорлау) бойынша тергеліп, сотқа жолданды. Процесс жабық есік жағдайында өтті.
Сот процесінде зорлау бабы расталмады. Сотталушы ақталғанымен, соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылды.
"Зорлады деген айып расталмады. Қарама-қайшы айғақтар мен теріс сараптама нәтижелері шықты. Айыпталушыны ақтау туралы шешім қабылданды. Денсаулыққа зиян келтірді деген айып бойынша сот Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 340-бабына (Басты сот талқылауының шегi) сәйкес, прокурорға аса ауыр айыптау бойынша жаңа айыптау актісін дайындауға уақыт берді. Жаңа айыптау актісі жасалмағандықтан, сот істі тағылған айып шегінде қарап, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Қылмысты ауырлататын мән-жай – мас күйінде қылмыс жасау, М-ның жағымсыз белгілері. Осылайша ол Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігінде көзделген ең жоғары жаза – 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші мен оның қорғаушысы үкіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсіріп жатыр.
"Біз апелляциялық шағым түсіреміз. Сотталушы жәбірленушінің мұрнын және көмейінің шеміршегін сындырған. Сондықтан әлі күнге дейін оның тыныс алуы және сөйлеуінде қиындықтар бар", – деді адвокат.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі қоғам белсендісі Арман Шораев елорда көшелерінің бірінде азаматтық некедегі жұбайын ұрып-соқты деп айыпталғаны туралы жазған едік.