Бектенов BAZIS, BI Group және басқа да ірі компанияларды салықтан жалтарды деп айыптады
Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салықты әділ түрде төлеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және қаржы министрі Мәди Такиев жұмыс кеңесін өткізді.
Премьер-министр миллиардтаған айналымы болса да бюджетке өз табысынан аз сома төлейтін компанияларды атады.
“Қаржы министрінің ақпаратында салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолданып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өз табысына сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және түрлі компаниялар бар”, – деді Бектенов.
Қаржы министрінің сөзінше, қазір бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылып жатыр. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген. Ал қонақүйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 миллион теңге шегіне жеткенде қызметі тоқтатылады. Сосын оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл Қосылған құн салығын төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.
"Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алып тасталады. Одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады", — деді Мәди Такиев.
Осыған байланысты Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынды:
- бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
- нысанның салық даулары мәнінен басым болу принципін енгізу;
- мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
- жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.
Олжас Бектенов кәсіпкерлерден салықты әділетті түрде төлеуді сұрады.
“Осы мүмкіндікті пайдаланып, салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына айтқым келеді. Бүгін-ертең компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттігі туралы хабарлама келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын”, – дейді.
Премьер-министрдің айтуынша, кәсіпкерлер салықты әділетті тұрде төлемесе, соңы қиын болады.
“Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурсты қолдану құқығын өзіне қалдырады. Мұның соңы қиын болады. Егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз", – деді Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде блогерлер мен кәсіпкерлерге салық салу тақырыбы қызу талқыланған еді.