Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік пен Оңтүстік Корея соғысуы мүмкін бе: Маман пікір білдірді

Пхеньян немесе Сеулдің қасақана жасаған әрекеттерінен туындаған "екінші корей соғысының" сценарийі қайталануы екіталай. Бұлай деп екі ел арасындағы соғыс қимылдарының ықтималдығын Lenta.ru сайтына берген сұхбатында Ресей ғылым академиясының Қиыр Шығыс институтының корейтану орталығының жетекші ғылыми қызметкері Константин Асмолов бағалады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

корея 2022

Оның айтуынша, мұндай соғысты бастау үшін өз жеңісіне сенімді болу, қажетті ресурстардың болуы және кез келген тәуекелге дайын болу керек. Ал бұл үш критерийге Оңтүстік те, Солтүстік Корея да сәйкес келмейді.

Корейтанушы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяға шабуыл жасаса, бұл әрекетімен "өз-өзінің түбіне жетуі мүмкін" екенін айтады. Солтүстік Корея армиясы Оңтүстік Корея армиясынан басым болғанымен, оңтүстіктің  әскери бюджеті солтүстіктен шамамен 26 есе көп. Оның үстіне бұрынғы президент Мун Чжэ Иннің тұсында әскери шығындар айтарлықтай өсті және шабуылдау бағдарламалары белсенді түрде жасалған.

Асмолов сондай-ақ Оңтүстік Корея мен АҚШ арасында өзара қорғаныс туралы келісім жасалғанын еске салды.



"Оған сәйкес, солтүстік оңтүстікке шабуыл жасаған жағдайда солтүстік тек Оңтүстік Кореямен ғана емес, АҚШ-пен және көмекке келген елдердің барлығымен соғысып шығуға тура келеді. Солтүстіктің мұндай жағдайда жеңіске жетуге мүмкіндігі бар ма? Тіпті ядролық қару да бұл жерде ештеңені шеше алмайды", - деп атап өтті сарапшы.

Сонымен бірге ол Пхеньянда ядролық қарудың болуын сырттан келетін шабуылға қарсы кепілдік деп атады – ядролық қауіп АҚШ үшін "екінші корей соғысын" тиімсіз етеді.

"Егер Солтүстік Кореяның бүкіл аумағы Fallout (компьютерлік ойын) декорациясына айналып, алайда Америка Құрама Штаттары Лос-Анджелесті бір жерде жоғалтса, Америка бұл соғыста жеңдім деп айта алмайды", - деп түйіндеді Константин Асмолов.

Айта кетейік, 24 наурызда Жапония жағалау күзеті Солтүстік Кореяның Жапон теңізіне баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлаған еді. Оңтүстік Кореяның әскерилері де КХДР "белгісіз снарядты" ұшырғанын растады. Кейінірек КХДР-дің құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгені белгілі болды.

Талқылау