Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: Солтүстік Корея өз ядролық полигонын қалпына келтіріп жатыр

Оңтүстік Кореялық басылымдар Солтүстік Кореяның өз ядролық полигонын қалпына келтіріп жатқанын мәлімдеді. Полигон Қытай шекарасынан 100 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап. 

полигон

Агенттік мәліметіне сүйенсек, спутниктік фотосуреттерде жаңа құрылыс белгілері 2018 жылдан бері алғаш рет байқалған.

"Коммерциялық спутник түсірген суреттерден Пунги-ри полигонындағы белсенділікті байқауға болады. Мұнда жаңа ғимараттар салынып, ескілеріне жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар туннельдердің бір бөлігін қалпына келтіру бойынша әрекеттер байқалады", – делінген хабарламада. 

Пунги-ри ядролық полигоны елдің солтүстік-шығысындағы таулы аймақта орналасқан. Солтүстік Корея мұнда 2006, 2009, 2013, 2016 жылдың қаңтары мен қыркүйегінде, 2017 жылдың қыркүйегінде барлығы 6 ядролық сынақ өткізген. 



Барлық сынақтар тау астында қазылған туннельдерде жүрген. Мұнда кіретін негізгі Оңтүстік, Шығыс және Батыс есіктері көрінеді.

Ал 2018 жылы Солтүстік Корея ядролық полигонды жабатынын мәлімдеп, шетелдік БАҚ өкілдерінің көзінше кіретін есіктерін жарып жіберген. 

Вашингтондағы Халықаралық қауіпсіздік және ғылым институтының дерегінше, полигонды жабу Солтүстік Кореяның ядролық қару арсеналына еш әсер етпеген. Алайда сынақ алаңының болмауы сенімді ядролық қару жасауға кедергі болары сөзсіз. 

Бұған дейін Солтүстік Корея АҚШ-пен текетірес аясында ядролық қару сынақтарын жалғастыруы мүмкін екенін хабарлаған. 

Талқылау