Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шықты

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы 1XBET букмекерлік кеңсесінде бәс тіккен. Мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға салынған тыйым туралы талаптардың бұзылғанын прокурорлар анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ulyanovsk.ldpr.ru

Былтыр шілдеде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға толықтырулар енгізілді. Бұған сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынады. Әйтпесе олар теріс себептермен жұмыстан шығарылады. Талдау шеңберінде мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға қатысуы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамау фактілері анықталды.

"Ақжар ауданы әкімдігінің құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы заң талаптарын бұза отырып, "1XBET" букмекерлік кеңсесінде жүйелі негізде "ставкалар" қоюды жүзеге асырған. Мұндай бұзушылықтар Ұялы ауылдық округі әкімі аппаратының және Ақжар ауданының білім бөлімінің бас мамандарына қатысты анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жоғарыда аталған лауазымды адамдар жұмыстан босатылды", – делінген хабарламада.

Агенттік барлық мемлекеттік қызметкерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қатаң сақталғанын мәлім етті. Қадағалау органы мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілік туралы еске салады. Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырады.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық букмекерлік кеңседе ұтысы төленбеген жағдайда сот арқылы қорғалу құқығын шектеу туралы қаулыны қайта қарауды сұрап Конституциялық сотқа жүгінді. Тексеру жүргізуге Азаматтық кодекстің 914-бабы негіз болған. Онда ойынға немесе бәс тігуге қатысты даулар ұйымдастырушы ойын ережелерін сақтаған жағдайда сот қорғауына жатпайтыны айтылған. Ерекшелік: 913-бапта көрсетілген жағдайлар. Арыз берушінің пікірінше, бұл норма Конституцияны бұзады. Өйткені ол сот арқылы қорғалу құқығын шектейді. Ол ұтысын төлемегені оны әділ сотта қарау құқығынан айырады деп есептейді.

Талқылау