Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында 43 жетім бала пәтер кезегінен негізсіз шығарылған

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар құқықтарының өрескел бұзылғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Depositphotos.com

Прокуратура жергілікті атқарушы органдарды тексеру кезінде Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің лауазымды тұлғалары "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының талаптарын бұза отырып, тұрғын үйге 2010 жылдан бері кезекте тұрған 43 жетім баланы тұрғын үй кезегінен негізсіз алып тастағанын анықтады.

Бұдан қалды Ақжар ауданы мен Петропавл қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары заңның 71-бабының талаптарына қайшы 3 ай бойы 6 жетім баланы тұрғын үй кезегіне қоймаған.

Сонымен қатар Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласындағы балалардың қамқоршылары "Неке және отбасы туралы" кодексінің 126-бабын бұза отырып, қамқорлығындағылардың тәрбиесі мен күтіп-бағу туралы жүйелі негізде есеп бермеген.



“Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алименттерді мәжбүрлеп өндіріп алуды бақылау шараларын жүргізбеген. Прокуратураның актілері бойынша 8 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің 2 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтар жойылды”, – делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғауға мүмкіндік туды.

Еске салайық, бұған дейін елімізде енді жаңа туған сәбиді тастап кеткенін хабарламаған медициналық ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері жауапқа тартылатынын жаздық. Балалар үйі немесе медициналық ұйымдар жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдағанын құзырлы органдарға хабарлауға міндетті. Әйтпесе айыппұл салынып, қамауға алынуы мүмкін.

Талқылау