Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соғыс жылдарында ажырап кеткен: Германиялық әйел Қазақстаннан өз сіңлісін іздеуде

Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен сіңлісін жоғалтып алған германиялық әйел өз жақынына іздеу салды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысының тұрғыны Бейбіт Өтелбаев нағашы әпкесін тапқысы келеді. Ол Германия азаматы Нелимен бірге Лиля Кесманды іздеуде. Лиля – Кесман Нелидің және Бейбіт Өтелбаевтың анасының сіңлісі. Туыстарының айтуынша, Лиля Кесман 80-82 жаста. Ол тұрмысқа шығып, тегін өзгерткен болуы мүмкін.

Соғыс кезінде Лилямен байланыс үзілген. Бейбіттің анасы Гертруда Яковлевна сіңлісін ақтық сапарға аттанғанша іздеумен болды. Бірақ таба алмай кетті. Енді Бейбіт анасының соңғы өсиетін орындап, Лиляны тапқысы келеді.

"Анам Украинадан, ал ұлты – неміс. 1941 жылы соғыс басталғандықтан, қуғын-сүргінге байланысты отбасымен Қазақстандағы Жамбыл облысының Жуалы ауданына көшіп келген. Отбасында үш қыз және бір ұл болды", – деді жамбылдық тұрғын. 

Бейбіттің нағашы әпкесі 96 жастағы Нели 1997 жылы Қазақстаннан көщкен. Қазіргі таңда Германияда тұрады. Соғыс кезінде сіңлісінен айырылған әйел бауырын табуды армандайды.

"Отбасының тұңғышымын, 1928 жылғымын. 1936 жылы Гертруда, содан кейін 1938 жылы інім және 1940 жылы маусымда кенжетай Лиля дүниеге келді. Қазақстанға 1941 жылы келдік. Төңкеріс совхозында тұрдық. Ішерге тамақ, киерге киім таппадық, ал мұндағы адамдар бізге қол ұшын созды. 1942 жылы әкемізді әскерге алып кетті де, ол 1943 жылы ақпанда қаза тапты. Көп ұзамай анам да қайтыс болды. Сіңлімді өз балалары жоқ отбасы бақты. Содан кейін оны балалар үйіне алып кетті", – деді германиялық Нели Кесман.

Көпбалалы Өтелбаевтар отбасы туысы Лили Кесманды іздеуді тоқтатпайды. Олар оны Астана, Бурабайдан, Жамбыл, Түркістан облыстарынан іздеді. Көші-қон қызметінен бастап ІІМ-ге сауалдар жолдады. Барлық мұрағаттар, әлеуметтік төлем орталықтарына, қарттар үйлеріне хат жіберді. Сонда да олар күдер үзбейді, жақсы хабардан үмітті.

"Іздемеген жеріміз жоқ, сонда да нәтижесіз. Бізде №14 балалар үйінің тәрбиеленушісі Лиля Кесманның 1957 жылы Шымкенттегі "Эластик" шұлық фабрикасына жұмысқа жіберілгені туралы анықтама бар. Лиляның өзіндік ерекшелігі бар, оның аяғындағы соңғы екі саусағы біріктірілген. Оны көріп-білген таныстары немесе жақындары болса, хабарласуларыңызды сұраймыз", – деді Өтелбаев.

Бейбіт Өтелбаев Жеңістің 78 жылдығында  туысын табатынына сенімді.

Талқылау