"Соғыс болмасын!": Дағыстан мен Якутияда мобилизацияға қарсы ереуілдер өтті (видео)
Жексенбі, 25 қыркүйекте Ресейде Украинамен соғысқа жұмылдыруға қарсы наразылықтар жалғасты. Дағыстанда ереуілшілер тасжолды жапса, якутиялықтар алаңға шығып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап.
Сурет: BBC
Дағыстанда Эндирей ауылының тұрғындары мобилизацияға қарсылықтарын білдіріп, Хасавюрт – Махачкала тасжолын жапты. Наразы халық алаңда “Соғыс болмасын!” деп ұрандатты. Полиция қызметкерлері ереуілшілерді қайтару үшін аспанға оқ жаудыртқан. Бірақ жапа шеккендер жоқ.
Кейіннен көтеріліс Махачкалада жалғасты. Бір топ әйелдер балаларын соғысқа жібермейтіндерін айтып, назын жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде “Сен қызмет орныңа алаңдасаң, мен балам үшін алаңдаймын” деп айқай салған әйелдің бейнежазбасы тарады.
Содан кейін наразылық Махачкаладағы қуыршақ театрының алдында бірнеше жүз адамға ұласты, полиция көтерілісшілерді қамауға ала бастады. Кешке Ресей гвардиясы келіп, ереуілді басты. 100-ге жуық адам ұсталды.
Дағыстанның әскери комиссары Дайтбег Мұстафаев халықты тыныштандыру үшін Ресей мемлекеттік теледидарының жергілікті филиалы арқылы сөз сөйледі. Мұнда Украин майданына әскери тәжірибесі жоқ адамдарды шақырмайтынын және Дағыстаннан 13 мың адам шақырылады деген өтірік қауесет екенін мәлімдеді.
Якутиядағы мобилизацияға қарсы көтеріліс те сол кезде өтті. Мұнда 400-ге жуық адам алаңға шығып, “Соғыс болмасын!” деп ұрандатты. Наразылардың басым көпшілігі – әйелдер қауымы. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, акция барысында 24 әйел ұсталған.
Дәл сол күні наразылық акциялары әйелдердің қатысуымен Солтүстік Кавказдағы Кабардино-Балкарияда өтті. Нальчиктегі үкімет ғимаратының алдындағы ереуілге ондаған адам шықты.