Сириялық көтерілісшілер 2016 жылдан бері алғаш рет Алеппоның жартысын бақылауға алды
Сирияның солтүстік-батысында орналасқан Алеппо қаласында жағдай ушығып, "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) радикалды тобы қаланың жарты аймағын басып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Anadolu Agency
Deutsche Welle хабарлауынша, Сирияның сунниттік радикалды "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы мен олардың одақтастары қалаға жылдам шабуыл жасап, Алеппоның кемінде жартысын өз бақылауына алған.
Ұлыбританияда орналасқан "Сирия адам құқықтарын бақылау орталығының" (SOHR) мәліметінше, сәрсенбіде басталған шабуылдан қазірге дейін 277 адам қаза тапқан, олардың 20-дан астамы бейбіт тұрғындар. SOHR директоры Рами Абдель Рахманның айтуынша, үкімет күштері ешқандай қарсылық көрсетпей, шегініп кеткен.
Фото: BBC
Бұл соңғы жылдардағы Сирия үкіметіне қарсы жасалған ең ірі шабуылдардың бірі. 2016 жылы президент Башар Асадтың Ресей мен Иран қолдауымен Алеппоны қайта бақылауға алғаннан кейін бұл аймаққа көтерілісшілер алғаш рет қайта оралып отыр.
29 қарашада Сирия мен Ресей авиациясы Алеппо мен оның маңайына 23 әуе соққысын жасаған. Ресей әскерилері Сирия армиясына әуеден қолдау көрсетіп жатқанын растады. Ресейдің Қарулы күштері өкілі Олег Игнасюктың мәлімдеуінше, бір тәулікте 200-ден астам көтерілісші жойылған.
Фото: Anadolu Agency
Қазіргі уақытта Алеппо әуежайы мен қалаға кіретін барлық жолдар жабылған.