Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сыраны бүгініміз бен ертеңіміздің жарқын болуы үшін қайнатамыз": Дәулет Мұқаев Өскемен қаласында ілінген жарнамаға ашуланды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев сыраға қатысты жарнамаға шүйлігіп, Өскемен қаласының әкімдігіне үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/daulet_mukayev/

Халық қалаулысы сәтсіз жарнаманы сынап, дереу шара қолдануын талап етті.  

“Өскемендегі сұмдық: “Сыраны бүгініміз бен ертеңіміз үшін жарқын болуы үшін қайнатамыз” деген жарнаманы қараңызшы. Елді дүр сілкіндірген талғардағы 16 жасар Шерзаттың өлімі дәл осы бір шөлмек сырадан болып отырған жоқ па?! Қайдағы жарқын өмір. Бүгініміз қорқынышқа, ертеңіміз белгісіздікке толы болса?! Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан әкімдігінің назарына! Мынадай жарнамаға жол берілмеуі керек. Қай заманнан бері сыра қайнату бізге жарқын өмір сыйлаған. Керісінше өмірмен қоштасып жатқандар жетерлік. Бұл жарнама Өскемен қаласындағы Өтепов 27-үйінде ілінген. Шұғыл шара қолдануды сұраймын”, – деді депутат. 



Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Талқылау