"Сыннан нақты әрекетке көшетін уақыт жетті": Абзал Құспан AMANAT партиясымен бірге "Құқықтық көмек" акциясын бастады
Акция аясында танымал адвокат, заңгер ауыл азаматтарымен кездесіп, олардың шағымын тыңдаған. Бірнеше күнде 100-ден аса адамды қабылдадым деген адвокат Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, "Құқықтық көмек" акциясының мақсаты мен мәнін түсіндіріп берді.

Абзал Құспан 2022 жылы Оралда Қаңтар оқиғасына қатысқан. Оның сөзінше, елге елеулі өзгеріс әкелген оқиғадан кейін президент айтқан Жаңа Қазақстан қоғамның қолдауынсыз құрылмайды. Әрі бұған ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін.
"Бір нәрсені түсінуіміз керек. Біз хан немесе патша бұйрық беріп, орындалмағаны үшін қол астындағылардың басы кететін орта ғасырда өмір сүріп жатқанымыз жоқ. ХХІ ғасырда президентке супер билік бергенімізбен, қоғам тарапынан қолдау таппаса, оның орындалуы неғайбыл. Сондай-ақ бұл туралы пікір айтқан адамның өзі осы талаптарға қаншалықты сай қызмет етіп жатыр деген сұраққа жауап беру керек", – дейді ол.
Құқық қорғаушы Қаңтар оқиғасынан кейін комиссия құрғанын айтып өтті. Сөзінше, қазір Amanat партиясымен бірге "Құқықтық көмек" деген шалғай ауылдарға арналған акция бастаған. Басты мақсат – азаматтардың құқықтың сауатын арттыру.

"Менің жора-жолдастарым бұл бастаманың имиджіме нұқсан келтіретінін сан рет айтты. Алайда бұл жобаны қазір Amanat партиясынан артық ешкім жүзеге асыра алмайды. Неге десеңіз, партия әр аудан орталығында ғимараты мен техникасы бар жалғыз құрылым болып отыр. Менің ойымша, аталмыш бастама қоғам тарапынан қабылданып, қолдау табуы керек. Мен билік жағына шығып, пікірімді өзгертетін адам емеспін. Бұрыннан айтып келе жатырмын, бізде сот жүйесін өзгерту керек. Жаңа Қазақстан дегенді Әділетті Қазақстан деп түсіндірді. Ал әділетті қайдан іздейміз? Әрине, соттан", – деп қосты ол.
"Сот түзелмей, ел түзелмейді" деген Абзал Құспан қазір қызмет етіп жүрген судьялардың 80%-ын ауыстырып, қайта аттестациядан өткізу қажет деп санайды. Бұлай болмаса, Қазақстанда әділеттің орнай қоюы екіталай, дейді заңгер.
"Қазақстанда ауыл тұрғындары құқықтық сауат тұрғысынан артта қалып жатыр. Мысалы, қала тұрғындары билік өкілдеріне жазылып болсын немесе заңгер жалдау арқылы өз мәселелесін шешеді. Ал шалғайда тұратын халық мәселесін жеткізуде құқықтық тұрғыдан қиындық көреді. Қарапайым ғана мысал, елді мекенде eGov жүйесін білмейтіндер бар. Ал электронды үкімет арқылы арыз жолдау құқығыңды қораудың бір жолы емес пе?", – деп түсіндірді ол.

Адвокат "Құқықтық көмек" акциясының пилоттық жоба екенін атап өтті. Қазір Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр дейді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мен құқықтық мәселелерін шешу жолдары қарастырылады.
"Құқықтық көмек" акциясын біз ұсынған едік. Кейін Amanat партиясы қолдап, жұмыстар басталды. Акция аясында бірнеше күннің ішінде 100-ден аса азаматты қабылдадым. Тұрғындарда жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым көп. Жеке сот орындаушылары атқару парағын алған соң, азаматтар 10 күннің ішінде арыз түсіріп, бұл парақтың күшін жоя алады. Дегенмен көпшілігі бұл жайлы білмейді. Мерзімі өтіп кеткен соң салықты төлеп, сыртымыздан соттап жіберді дейді. Тағы бір мәселе, алимент өндіруді жеке сот орындаушысына беру кері нәтиже көрсетеді. Жеке сот орындаушылары қызмет ақысы ретінде өндірген қаржының белгілі пайызын алады. Алименттен түсетін табыс аз болғандықтан, бұл мәселемен айналысуға құлықсыз. Сондықтан мұндай қызметті мемлекеттік сот орындаушыларына беру керек деп есептеймін", – дейді Абзал Құспан.
Абзал Құспан азаматтар арасындағы өзге де мәселелерді шешуді көздеп отырғанын айтады. Солардың бірі – несие алған шаруа қожалықтарының мәселесі. Қазір несие кесірінен мүлкін кепілден шығара алмай отырған қожалықтардың саны өскен. Сондықтан мәселені шаруалар пайдасына шешуді көздеп отыр екен.
"Бұрын облыстық әкімдік әлеуметтік-кәсіпкерлік палатасы арқылы шаруашылықтарға несие берген. Ал несиені алу үшін бірнеше шаруа бірігіп, несие кооперативін құрды. Мәселен, Индер ауданында несие алу үшін 16 шаруашылық біріккен. Алайда шаруалар мүліктерін кепілден шығару үшін барлығы бірдей несиені төлеуі керек. Осы секілді олқылықтарды жою мақсатында жұмыс істейміз", – деп қосты Абзал Құспан.

Адвокат үкімет тарапынан қолдау көрсетілген соң келешекте жергілікті өзін-өзі басқару туралы және сот орындаушылары жайлы заңға өзгеріс енгізу жайлы ұсыныстарын енгізбек.
Жақында Amanat партиясына қосылған Абзал Құспан партияға қандай өзгеріс керегін де айтып берді.
"Қазір екі бағыт бойынша жұмыстар ұйымдастырылып жатыр: азаматтардың қаржылық жәнге құқықтық сауатын арттыру. Бұл екеуі қазақ тілді ортаға, ауыл тұрғындарына аса қажет деп есептеймін. Қазақстанда қазақ тілді және орыс тілді қоғам деп екіге бөлінетіні айдан анық. Қазір қаржы пирамидаларының алдауына ауылда тұратын, қазақ тілді азаматтардың көп түсетінін байқап отырмын. Бұл – менің жеке пайымдауым. Түрлі әнші, ақын жиналып алып, психолог-коуч ретінде халықтан ақша жинағанын көрдік. Адамдар ғажайыпқа сенеді. Деңгейіміз осыншалықты түсіп кетті", – дейді ол.
Абзал Құспанның пікірінше, елдегі басқарушы партия халықпен бірге жұмыс істесе, осы секілді мәселелерді жоя алады.

"AMANAT партиясының ғимараттары бюджет қаржысына барлық аймақта салынды. Енді мұны құртпай, елдің пайдасына қолдану керек. Қайта жікке бөлінбей, бар нәрсені тиімді пайдаланайық. Партияға нақты жұмыс істеу қажет. Мен заңгерлер және қаржыгерлер палатасымен меморандум жасап, аймақтағы партия ғимараттарында тегін кеңес беру орталықтарын ашуды ұсынғанмын. Бұл ауыл азаматтары үшін тиімді болар еді. Ал Amanat партиясы мұны жасай алады. Сондықтан құр ауыз сөзбен сынағанша, нақты іске көшетін уақыт келді", – деді ол.
Адвокат "Құқықтық көмек" жобасы мұнымен шектелмейтінін және келіп түсіп жатқан сұрақ-сауалдарды ескере отырып, келешекте қандай жұмыс істелетінін айтты.
"Алдағы уақытта жұмыс WhatsApp-тағы автоматтандырылған чат-бот арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Ары қарай, бот 2000-нан астам заңгер тіркелген zan.bar. мобильді қосымшасының адвокаттар базасымен өзара әрекеттеседі. Осылайша, AMANAT партиясы сапалы қызметтерге қол жеткізе алмайтын қазақстандықтардың құқығын цифрландырудың көмегімен қорғауды жоспарлап отыр", – деп сөзін аяқтады ол.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады