Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сыныптардың терезесі жоқ, әжетханаға кіру мүмкін емес": Ата-аналар Шымкенттегі жеке меншік мектепте оқушыларды "бай", "кедей" деп бөлетінін мәлімдеді

Әлеуметтік желіде Аягөз Бегалы есімді қолданушы Шымкенттегі Al-Farabi мектебінде тегін оқитын балаларға мүлдем жағдай жасалмағанын айтып жазба қалдырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шымкенттегі бұрын Оңтүстік қонақүйі деп аталып, тойхана болған, артынша Al-Farabi академиясы деп атауы өзгертілген мектепте ақылы және тегін оқитын балалар бар көрінеді. Аягөз Бегалының ұлы мен қызы Нұрсат ауданындағы №80 мектептен осы мектепке биыл ауыстырылған. 

Бастапқыда мектеп жартылай ақылы, жартылай тегін болатыны айтылған. Физика мен инженерияны шетелдік мұғалімдер үйрететін болғандықтан, кейбір сыныптар ақылы болады деп уәде берілген. Алайда ата-ана мектепте тегін оқитын балалардың жағдайы сорақы екенін айтып ашынды. 

“Балалар терезесі жоқ сыныптарда оқып жатыр. Кішкентай ғана терезе бар, оның өзі жартылай ғана ашылады. Сыныптың іші өте ыстық, ауа жоқ. Балалар қабырғалары сынған ғимаратта оқып жатыр. Спортзал жертөледе, киім ауыстыратын жер жоқ. Ал ақылы оқитын балалар далада кең жерде, арнайы алаңда дене шынықтыру пәнін өтеді екен. Оған қоса, екі асхана бар. Бір асхананы ақылы және тегін оқитындарға деп екіге бөліп қойған. Тегін оқитындар үшін тегін тамақ берілмейді. Ол жерде сатып алған күннің өзінде де тек тіскебасарлар мен су ғана бар. Бірінші күні қызым су мен самсаны 500 теңгеге сатып алыпты. Үстөлдердің үстінде дастарқан да жоқ. Ал ақылы оқитындарға ыстық тамақ беріледі. Бірінші, екінші тамақтарын қосқанда 500 теңге. Балалар ақылы оқитындардың асханасына кіру үшін өтірік айтатын көрінеді. 80-ші мектептің директоры біздің балаларды әл-Фараби академиясына балаларды қорлау мен кемсіту үшін жіберді ме? Балалар байлар мен кедейлер бар екенін біліп, өсе ме? Ақшаның бар болса, дәретхана қағазын қолдана аласыз, ақшаңыз болмаса, боққа батып жүресіз бе? Ақшаң болса, палау мен манты жейсің. Ақша жоқ, самсамен минералды су ішесің”, – деп жазды келіншек. 

Ол, тіпті әжетханадағы жағдайдың өзі көңіл көншітерлік емес екенін айтты. 

“Әжетханада да жағдай дәл сондай. Тегін оқитындардың әжетханасына кіру мүмкін емес. Екі әжетхана жұмыс істейді, қалғаны жабық. Дәретхана қағазы, сабын атымен жоқ. Ал ақылы оқитындарда жағдайдың барлығы жасалған. Біздің балаларымызға мектеп формасын кигізіп жатыр. Ақылы оқитындар не кисе де өздері біледі. Ақылы оқитын кіші сыныптарға адам басына 60 мың, үлкен сыныптарға 100 мың төлейді. Сонда мемлекет қаражатына оқитын балалар адам есеп пе?”, – дейді ата-ана.  

Оқиғаға қатысты Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева айтып берді. Білім басқармасының басшысы мектепке арнайы өзі барып тексеру жүргізген.  

“Бүгін әлеуметтік желіде жарық көрген Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қонақүйі тойханасының орнына ашылған Al-Farabi мектебіндегі келеңсіз санитарлық талаптарға сәйкес емес деген ақпаратқа қатысты басқарма басшысы ретінде бақылауға келдім. Осы тұста бұл мектептің санитарлық талаптарға сай болуына қатысты СЭС арнайы құжат беруі қажет. Бұл тойхана мектепке айналар кезде СЭС-тен рұқсат алынғаны белгілі болды. Шымкент қаласындағы білім сапасын бақылау департаментінің қызметкерлерімен бірге осы жағдайға байланысты мектепке келдік. Бұл жекеменшік мекеме болып табылады. Жекеменшік мекемені тексеруге тек жылына бір рет қана рұқсат ала аламыз. Кабинеттердің барлығында сабақ өтуде, терезелері бар. Әр қабатта екі әжетхана бар. Біреуі ұлдарға, біреуі қыздарға арналған. Су бар, сабын бар, қол кептіретіндері орналасқан. Ата-ана әжетананың іші сынды деп айтқан болатын. Бірақ ондай әжетхана тапқан жоқпыз. Асханада да барлығы өз кезегінде дұрыс”, – дейді Жанат Тәжиева. 

Талқылау