Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сыныпта жасырынып, күтпеген жерден оқ жаудырған": 25 мамыр күні Техас мектебінде болған атыстың анық-қанығы айтылды

АҚШ билігі Техас штатының Ювалд қаласындағы бастауыш мектепте оқ атқан азаматтың оқушылар мен мұғалімдер отырған сыныпта жасырынып, күтпеген жерден оқ жаудырғанын айтты. Шабуыл салдарынан 19 оқушы мен екі мұғалім қаза тапты, тағы 13 бала ауруханаға жеткізілді – олардың жарақаттары әртүрлі ауырлық деңгейінде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

техас мектеп 2022

Шабуыл жасаған азамат оқиға орнында жан тапсырып, АҚШ шекара қызметінің екі офицері жараланған.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, 18 жастағы қала тұрғыны Сальвадор Рамос мектепке бармас бұрын көлікте отырған 66 жастағы әжесін атып өлтірген.

Техас штатының губернаторы Грег Эбботтың айтуынша, әйел оқиға орнына келген полицейлерге хабарласып, немересін ұстап қалуға тырысқан.

Техас қоғамдық қауіпсіздік департаментінің директоры Стивен Маккроу сәрсенбіде өткен баспасөз мәслихатында қаскөйдің бастауыш мектепке бару үшін әжесінің көлігін пайдаланғанын айтты.

"Ол иығына сөмкесі мен қолына мылтығын алып, мектептің артқы есігі орналасқан батыс қанатына қарай бет алған. Қазіргі уақытта әжесі Сан-Антонио ауруханасында ауыр халде жатыр", – деп атап өтті Маккроу.



Техас полициясының өкілі Кристофер Оливарес америкалық БАҚ-қа берген сұхбатында шабуыл жасаған азаматтың мектепке кіргеннен кейін сыныптардың бірінде жасырынып, "сыныпта отырған балалар мен мұғалімдерге күтпеген жерден оқ жаудырғанын" айтты.

"Ол үшін адам өмірінің ешқандай қадірі болмаған. Ол – нағыз зұлымдықтың баламасы", –  дейді полицей.

"Facebook-тегі" хабарлама

Шабуылшының неліктен бұл әрекетке барғаны белгісіз. Рамос тілінің кемістігі үшін бала кезінде үнемі мазаққа ұшырағаны айтылады.

Техас штатының губернаторы Грег Эбботттың айтуынша, Рамос шабуылдан аз уақыт бұрын Facebook желісінде өзінің ойға алғаны туралы жазба қалдырған. Эбботтың сөзінше, ол бірінші: "Мен әжемді атып өлтіремін”,  – деп жазған. Содан кейін "Мен әжемді атып тастадым", – деген. Осыдан кейін шабуылшы: "Мен бастауыш мектепке оқ жаудырамын", – деген жазба қалдырған.

Техас сенатының мүшесі Роланд Гутьеррестің айтуынша, Рамос винтовканы 18 жасқа толған бойда сатып алған.

Шабуыл сейсенбі күні 7-10 жас аралығындағы балалар оқитын Робб мектебінде болды. Мектепте шамамен 500 оқушы бар, олардың 90% -ы испан тілінде сөйлейді. Ювалда қаласының өзінде 16 мыңға жуық адам тұрады, халықтың 80% -ы латын америкалықтар. Мектеп оқу жылының соңына дейін жабылды.

Бастауыш мектеп ғимаратына марқұмдардың рухына тағзым ету үшін балалардың ата-аналары мен туыстары келді. 

Қаза тапқан оқушылардың бірінің анасы (қызы он жасын енді ғана тойлаған болатын) әлеуметтік желіде өзінің бұдан кейін ешқашан бақытты өмір сүре алмайтынын жазған.

АҚШ президенті Джо Байден америкалықтарды қаруды еркін ұстау құқығын жақтайтын ықпалды лоббистерге қарсы шығуға шақырды.

Сондай-ақ ол қаза тапқандарды аза тұту белгісі ретінде Ақ үй мен басқа да қоғамдық ғимараттардың үстіндегі мемлекеттік туларды түсіруді тапсырды. 

Талқылау