Шымкенттік қыз айына ақша салуды талап ететін ауылдағы ата-анасына ренжіді
ОҚО тұрғыны Әлияның мектеп бітіргеніне екі жыл болған. Ол ҰБТ тапсырғанымен грантқа ілінбепті. Ата-анасының артық ақшасы жоқ болғандықтан ақылы білім алудан бірден бас тартыпты.
Көрнекі сурет
«Мен басында грантпен оқуға түсуіме 4 балл жетпеген кезде ақылы түрде оқымай-ақ қояйын деп шештім. Келесі жылы жолым болып қалар деген үміт болды. Себебі отбасында 5 баламыз. Үйдің үлкенімін. Әкем жұмыссыз ал анам бізді бағамын деп сауда жасайтын. Алматыда жеміс сататын анама салмағымды салғым келмеді. Керісінше бос болған бір жыл уақытымда жұмыс істеп анама көмектескім келді»,-дейді Әлия.
Оның бір жылдан кейін оқуға грантпен түсіп кету жоспары болмай қалған. Себебі тестіге дайындалуға уақыты болмапты.
«Қазір анам ауылдағы үйде. Әкем екеуі де күндік жұмыстарға барып аздап ақша табады. Кейде шаршаса, ауырып қалса ол жұмыстарға да шықпайды. Өзім базар маңындағы асханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеймін. Күніне 2500 теңге аламын. Туысымыздың үйінде тұрғандықтан айтарлықтай шығыным жоқ, ақшамды қазірге жинап жүрмін. Тек киімім мен жолыма жұмсаймын»,-дейді жасы 18-ге енді толған Әлия.
Ол оқу жылы басталар кезде жинаған ақшасына бауырларына мектеп құралдарын алып бермекші.
«Мен екінші жыл оқуға түсе алмадым. Себебі тестіге дайындалуға уақытым болмады. Ақша табу керек болды. Үнемі жинаймын деп отырған кезде үйге қажет болып қалады. Ата-анам хабарласып, жағдайларын айтқан кезде қалтаңда алып қала алмайды екенсің. Енді сырттай оқуға тапсырып, осылай жұмыс істеп төлейтін шығармын. Егер оған үйдің жағдайы мүмкіндік берсе. Кейде ата-анама ренжіп те қаламын. Анама «маған мүмкіндік беріңдер» деп айтсам «әкең ақша ал, сұра» деп қоймайды деп айтады. Мен айлығымды бермесем ата-анам бір-бірімен ұрысады екен»,-деп ренжиді Әлия.
Бойжеткен жас болса да бауырларына қолдау көрсеткісі келеді. Бірақ өзі аяққа тұра алмай жатып не көмек бере алатынын да білмейді. Тек ата-анасы оқытып, мүмкіндік беріп, жағдайын жасап отырған студенттерге қызығатынын жасырмайды.
«Мен қыз болсам да отбасыма көмектескім келеді. Тек қазірге қалай екенін білмеймін. Әкем аздап бізді түсінсе екен деймін. Айтқаны болмаса анама күш қолданады. Сол үшін барынша айтқанын орындауға тырысамын. Бірақ олардың айтқанын істеп жүргенде өзімнің жастығым өтіп кетеді ме деп қорқамын. »,- дейді Әлия.
Оқи отырыңыз:
Әнші Jah Khalib: Есірткіге тәуелді едім, ислам өмірімді өзгертті
Заңгер: Оғыз Доған «Эйр Астананы» сотқа берсе жеңуіне кепілмін
Серік Қонақбаев Қанат Ислам мен Головкиннің алдағы айқастарына болжам жасады