ШҚО-да дәмхана қожайынымен жаға жыртысқан қонақтар 10 жылдан 15 жылға дейін сотталды
ШҚО-да дәмхана қожайынымен жаға жыртысқан қонақтар 10 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Төбелес үшін осындай ауыр жаза арқалағандардың туыстары үкіммен келіспейді. Олар Алматыда журналистерден араша түсуін сұрап, баспасөз жиынын өткізді.Үлкен дауға себепкер болған Үржар ауданындағы төбелес осы. Бір-бір соққыдан алған ауыл тұрғыны Дастан Бопаев мен мейрамхана қожайынының ұлы Ерлан Садықов, деп хабарлады КТК.
Дастан бұған дейін күзетшімен ерегесіп қалған екен. Ерлан болса сол текетіресті шешуге келіпті. Шу шыққан жерге тәртіп сақшылары да жетеді. Бірақ пагондылар оқиғаны тек сырттан бақылаумен шектеледі.
«Бопаевтың айтуына қарағанда, кешірім сұрадым дейді. Бірақ ол менің намысыма тиетін сөздер айтыпты. Менің көзімше полицейлерге Бопаевты қамаңдар, іс қозғаңдар деген. Мен сені соттатам, менің беделді таныстарым бар депті»,-дейді қорғаушы Жанболат Әкежанов.
Сыдықовтың айтқаны айдай келді. Оның жағасынан алған Дастан Бопаев адам өлтіруге талпынды, бұзақылық жасады, кафе қызметкерлерін бопсалады деген жазамен 15 жыл, алты айға, төбелескендерді ажыратпақ болған Дастанның досы Бауыржан Қарсабаев 12 жылға, ешкімге қол көтермеген Аслан Әубәкіров 10 жыл, 5 айға сотталды. Бірақ соттың әділ өткеніне сотталушының туыстары күмән келтіріп отыр.
«Сот кезінде прокурордың анасы Гүлия бізге болмаған нәрсені айтыңдар деп сес көрсетті. Ол бізді өзінің көлігімен сотқа тасыды. Пәтер жалдап сол жерден шығармай ұстады. Мен бармен болып жұмыс істейтінмін ол жерде. Айтқанына көндік», -деп түсіндірді куәгер Наталья Марданшина.
Ал дәмхана қожайыны болса өзіне шаң жуытар емес. Гүлия Садықова олар менің баламды жабылып сабады. Ұлым дене жарақатын алып, екі ай ауруханада жатты дейді. Және бұл азаматтар бүкіл ауылды шулатқан бұзақылар деп отыр.
«Күндіз де, түнде де кіріп ұрғысы келген адамды ұрып, алам деген нәрсені ала салады. Полиция болса оны тоқтатпай, жібере салады. Олардың әрекетіне қөз жұма қараған алты полиция қызметкері одан қорықтық дейді»,-деді Ерлан Садықовтың анасы Гүлия Садықова.
Төбелес үшін үкімнің ең ауырын арқалағандардың шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастады. Және жанжалды дер кезінде тоқтатып, араша түспегені үшін алты полицей жұмысынан қуылған екен. Сондай-ақ, төбелес кезінде далада жүрген Бопаевтың тағы бір танысы тергеліп жатыр. Ол да адам өлтіруге талпынды деген бап бойынша сотталуы мүмкін. Жазаны жеңілдетуін сұрап отырғандардың ендігі бар үміті Бас Прокуратура мен Жоғарғы Сотта.
Оқи отырыңыз:
Оңтүстікте журналистерге шындықты айтқан ақсақалға қастандық жасалды
Мәскеуде биіктен құлаған қазақ қызының анасы: Әзірге қызымның жағдайы оңалар емес
Арбаға таңылған шымкенттік жігіт арқанмен трюк жасап жұртты таңдандырды (видео)
18 сәуірде Қазақстанда теле және радиоарналар уақытша тоқтатылады