Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шыңғыс хан ханафи мәсхабын ұстанған": Белгілі академик Шыңғыс ханның мұсылман болғанын дәлелдеп берді

Шыңғыс хан қандай дінді ұстанған? Бұл сұраққа еліміздегі және шетелдік тарихшылар да әлі дұрыс жауап тапқан жоқ. Себебі – олардың ешқайсысы түпнұсқа тарихи құжаттарға жүгінбейді, әйтпесе Шыңғыс хан моңғол емес, түрік болып кетеді деп қорқатындай.

ҚР ҰҒА Құрметті академигі Тілеуберді Тыныбайын мәлімдеді, деп жазады "Қазақ үні" газетіне сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұрын шаманизм нанымында болған деушілер көп еді, таяу жылдардан бері «тәңіршілдік» дейтін әлде бір дінге сенген деушілер пайда бола бастады. Алайда, бұл пікірдің де тарихи деректік, ғылыми тұжырымдық негізі жоқ. 

Шыңғыс хан және оның әулетіне қатысты тарихи құжаттарда – Тәңір мен Алла бір мағынада, исламияттық термин ретінде қолданылған. Демек ондағы тарихи тұлғалардың Тәңір дегені – Алла дегені. Шыңғысхан әулетінің орда жылнамасы бойынша, моғолдар бастапқыда Оғыз ханға қарсы шығып, оның әкесін – Қараханды қолдаса да, бас-аяғы жетпіс жыл ішінде толықтай Аллаға иман келтірген. Автор осы тұста Пайғамбар с.ғ.с. хадисіне сай түсінік беріп, исламнан бұрынғы Аллаға иман келтірушілер – қанифтер мұсылман ретінде бағаланатынын, моғолдардың хақ мұсылман екенін атап түсіндіреді. Демек тұтас түрік халқы, оның ішінде моғол түріктері де Оғыз хан заманынан бастап бір Аллаға иман келтірген. 


Мемлекеттерді жойып, өзен арнасын бұрып отырған: Ұлы қолбасшы Шыңғысхан туралы қызықты он дерек


Оғыз хан заманындағы түріктер ұйғыр (ұйғұр), моғол (мұғұл) сынды екі үлкен саладан құрам тапқан. Шыңғысхан соның моғол саласынан, оның ішінде қият тармағынан шыққан. Тарихқа осы тұрғыдан назар салсақ, Шыңғыс ханның ата-бабалары сонау Оғыз ханның заманынан тартып бір Аллаға иман келтірген, сондай-ақ олар таза түрік нәсілді болған.

Осыған дейін жазылған барша еңбектерде Шыңғыс ханның туған өлкесі Моғолстан яғни Жетісу деп көне деректер ұсынылып келді. Бұл өлке тұрғындары Шыңғыс хан дүниеге келген тұста мұсылман қауымына айналып үлгіргені жалпыға аян жәйт. Шыңғыс жорығы басталардан екі ғасырға жуық бұрын түрік халқының бұл өңірдегі өкілдері осы дінге кіріп үлгерген екен. Демек, Шыңғыс хан мұсылман қауымының ортасында ғұмыр кешкен деген сөз (М.Ысқақбай «Шыңғысханның нәсілі маңғол ма, түрік пе?» Қазақ әдебиеті, 27.08.2010ж.)

Орда тарихшысы Атамәлік Жөбенейдің дерегі бойынша, Шыңғыс хан және оның әулеті исламның Ханафи бағытын ұстанған. Атамәлік: «Шыңғысхан әулетінің болуы – ислам, Ханафи дінінің бақыты болды» – деп жазған-ды. Әлемге әйгілі тарихшы Рәшид әд-Дін: «Шыңғысханның мақсаты, ислам дінін секталарға бөлініп қан төгісуден құтқару, біртұтастыққа келтіру болатын» – деп атап көрсетеді. Мұны «Құпия шежіре» дерегі де растай түседі, Шыңғысхан ешқашан да дәретсіз жүрмеген. Қағанның өкіл інісі Сызған Құтқа (Құтқа ноян) бала күнінде оның дәрет құманын көтеріп жүріп, қызмет еткен. Шыңғысхан әулеті келелі істер барысында «Құран» аяттарын оқи отырып, пәтуә көрсететін. Атамәлік өз көзімен көрген Бату хан, Күйік хан, т.б. хан-сұлтандар туралы баяндағанда, олардың «Құран» аяттарын оқи отырып пәтуә сөйлегенінен нақты деректер келтіреді. Қағандар таққа отырғанда: «Әлһәмдүлилла!» – деп Аллаға шүкіршілік ететін.

Шыңғысхан және оның ордасы ислам дінінде болғанын батыстық авторлар да растайды. П. Карпини: олардың дінінде де Иса пайғамбар ұлықталады, ғибадат орындарының сыртқы көріністері шіркеуге ұқсайды деп жазған. Ал У. Рубрук Қарақорым қаласында, қаған ордасында екі мешіт және медресе бар екенін атап көрсеткен («Рубруктің шығысқа сапар естелігі»). Оның айтуынша, Шыңғысхан ордасында ислам діні ерекше зор құрметке ие. Демек ордадағылар да, ондағы титулдық халық та ислам дінді болғаны талассыз.

Жошының бір баласының есімі Мұхамед еді, ол да Шыңғыс хан мен оның әулеті хақ мұсылман болғанының анық дәлелі. Ал Хожа, Ибраһим, т.б. мұсылманша есімдер бұл әулетте көп кездеседі. Үкітәй қағанның бір аты Ақтай болса, бір немересінің есімі Оғыз болған. Енді бұған Шыңғысханның ұлы Жошы мен жары Құлан қатұнның мұсылмандық дәстүрде жерленгенін қосыңыз, осының бәрі жайдан-жай болуы мүмкін емес. Тірісіне арнап мешіт, медресе, ханақа салдырып, өлісінің басына мұсылманша күмбез тұрғызған.

Қорыта айтқанда, Шыңғысхан – ешқашан да «тәңіршіл» немесе «шаманизмшіл» болған емес. Ол сонау Оғыз ханнан тартып, бір Аллаға иман келтірген халықтың – ұлы түріктің ұрпағы.

Америкалық тарихшы «Үшінші империяның гүлденуі мен күйреуі»атты үш томдық моногрфиясында: «Тарихшылардың қателігі – қажетті құжаттарды оқымайтындығы, саясаткерлердің қателігі – қажетсіз деректерге сенетіндігі. Егер отандық немесе түрік дүниесіндегі тарихшылардың біреуі түпнұсқа тарихи құжаттарды дұрыстап оқыған болса, Шыңғысханның тегі түрік, діні ислам екенін әлем баяғыда-ақ танып болар еді ғой. Өйткені түпнұсқа тарихи құжаттарда Шыңғыс ханның түбі түрік, моғол, қият, жалайыр, оның ішінде төре екені ап-анық жазылған" дейді.

"Шыңғысханның діні хақ ислам, оның ішінде Ханафи бағыты, яғни Имам Ағзам жолы – Нұғман ибн Сәбит мазғабы. Ал тегі – түрік, оның ішінде Қазақтың жалайыр арысынан. Олар күні бүгінге дейін бізбен бірге жасап келеді. Орта Азия мен Қазақстанда Шыңғыс хан әулетінен қалған неше ондаған қала, бірнеше жүздеген ескерткіштер бар. Керісінше, Монғолияда мұндай этникалық сабақтастықтар да, археологиялық ескерткіштер де жоқ. Өйткені Шыңғысхан және оның әулеті онда ешқашан болмаған. Ұлттық тарихымызды, мемлекеттік хақымызды саясаттың жемтігіне айналдыруға тыиым салатын уақыт жетті, ағайын", - деген тұжырым жасайды мақала авторы.

Талқылау