Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бюджет қаржысынан төленбейді: Қазақстан футбол федерациясы Черчесовтің жалақысын жариялаудан бас тартты

БАҚ беттерінде Ресейден келген Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде айына 48,5 млн теңге жалақы алатыны туралы ақпарат тарады. Stan.kz тілішісі Қазақстан футбол федерациясынан бас бапкердің айлығына қатысты ақпараттың қаншалықты рас екенін сұрады. 

Фото: instagram.com/stanislav.cherchesov

Желіде тараған ақпараттарға сәйкес, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде жылына 582 млн теңге, айына 48,5 млн теңге жалақы алады. Бұл қаражатты әр күнге шаққанда 1.59 млн, сағатына 66 438 теңге шығады. 

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. 

“Хабарламада бас бапкер Станислав Черчесовтің жалақысын айтарлықтай көп етіп көрсеткен және ол шындыққа жанаспайды. Келісімшарт талаптары құпия болғандықтан бас бапкердің айлығы жария етілмейді. Бұл келісімшарт бюджет қаражатынан қаржыландырылмайды. Айта кетейік, Федерациядағы барлық жұмыс УЕФА мен ФИФА, сондай-ақ демеушілер есебінен жүзеге асырылып жатыр”, – деп мәлімдеді Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің басшысы Гүлмира Шутанова.



Еске салсақ, ресейлік маман Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді. Қызметке келе салысымен бас бапкердің басы даудан арылмады. Станислав Черчесов журналистің өзіне қазақша сұрақ қойылғанына шағымданып, ел назарын аударған еді. Журналистердің бірі бапкерге қазақ тілінде сұрақ қойған. Ал бапкер оның сұрағын түсінбейтінін айтып аудармашының көмегіне жүгініпті. Кейін көпшіліктен қолдау сұрап, қазақ тілін меңгеруді бастап кетті. Черчесов қазақ тілін терең үйренбейтінін, күнделікті қажет сөздерді меңгеретінін жеткізді. Араға уақыт салып спорт министрі Черчесовпен әңгіме жүргізгенін айтты.

Талқылау