"Шымкенттің біздің туған елімізбен ұқсастықтары көп": Африкадан келген ерлі-зайыпты ұстаздар қаладағы өмірі жайлы айтты
Шымкенттің мегаполис атанғанына да төрт жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде шаһарды өсіп-өркендетуде атқарылған жұмыс аз емес. Ал ондай өзгерістер қаланың байырғы тұрғындарынан гөрі шеттен келгендерге көбірек байқалады. Мұны қалаға қызмет бабымен қоныс аударған шетелдік ұстаздар растап отыр. Stan.kz тілшісі білім саласында еңбек етіп, талапты шәкірт даярлап жүрген шетелдік оқытушылардың Шымкентке келгендегі алғашқы әсерлері мен қазіргі жағдайын сұрап-білді.
Оңтүстік Африка Республикасында туып-өскен Назирин Мұхамед пен Эмунрих Виллемсе-Клоете қазіргі таңда химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Жас мамандар бұған дейін Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі мектептерде еңбек еткен. Ерлі-зайыптылар өткен жылы Қазақстанға келуді жоспарлапты. Арнайы конкурс арқылы Шымкентке жұмысқа қабылданып, еш ойланбастан шырайлы шаһарға қоныс аударған.
“Біріншіден, тәжірибе алмасу, екіншіден, саяхаттау мақсатында шетелдердегі алғашқы еңбек жолымды Абу-Дабидегі халықаралық деңгейдегі білім мекемесінде бастадым. Онда екі жылға жуық жұмыс істеп, қайтадан өз еліме оралдым. Одан кейінгі жұмысымды Өзбекстандағы Наманган облысында жалғастырдым. Жолдасым ол кезде Хиуада жұмыс істейтін. Халықаралық әріптестермен кездесу алғаш рет Өзбекстанда болды. Сол кезде Қазақстанда да жұмыс істеуге мүмкіндігіміздің барын білдік. Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымына өтінім қалдырып, кейін Шымкентке келдік”, – дейді Назирин.
Ал Эмунрих еңбек жолын Оңтүстік Африка Республикасында ерекше білімді қажет ететін мектепте бастаған. Кейін ол да ел аралап, тәжірибе жинау мақсатында Біріккен Араб Әмірлігіне аттанған. Онда жас маман ақпараттық технологиялар пәнінен дәріс беріп, инновациялық әрі танымдық жобаларға жетекшілік жасағанын айтады. Клутте 6 жылға жуық еңбек ете жүріп бір-бірін жолықтырып, шаңырақ көтергендерін жеткізді. Шетелдік мамандар Шымқаланың өз елдеріне ұқсастықтары көп екенін атап өтті.
“Шымкенттің біздің туған елімізбен ұқсастықтары көп. "Ауа райы қалай әсер етеді екен" деген ой мазалағаны рас. Бірақ Шымкент жаймашуақ қала екен. Тұрғындары да қонақжай. Айта кетерлігі, шымқалалықтардың салт-дәстүрлерін берік ұстанатыны біздің халқымызға ұқсайды. Тойға көп қонақ шақырады екен. Оны әріптесіміздің үйлену тойына барғанда көрдік. Той керемет, көңілді өтеді. Бұл қалаға келгенімізге өкінбейміз. Керісінше, жарыммен ақылдаса келе, осында перзент сүйсек деген ойдамыз. Мүмкіндік болса, біраз жыл қалуды жоспарладық”, – дейді Эмунрих.
Кейіпкерлеріміз Назирин мен Эмунрих "Білім кеңістігінде шекара жоқ" деген ұстанымда. Дегенмен әр елдің білім беру жүйесінде өзгешеліктер кездесетінін айтады. Жас мамандар халықаралық тәжірибелеріне сүйене отырып, еуропалық оқушыларға қарағанда азиялық шәкірттердің зеректігіне көз жеткізгендерін айтады. Олардың айтуынша, Қазақстан мектептеріндегі оқушылар білімді әрі дарынды. Кез келген тақырыпты терең ұғынып, зерделей алады.
“Шынымызды айтсақ, Қазақстандағы алғашқы күнімізден-ақ бізге көмек қолын созуға асық адамдардың көптігін, әрдайым қауіпсіз аймақта жүргенімізді байқадық. Мұндай жайлы орта көп елде қалыптаспаған. Біз жұмыс істеген Абу-Дабиде екі типтегі мектептер бар. Бірі – мемлекеттік, екіншісі – жекеменшік. Ондағы жекеменшік мектептердің білім сапасы мен деңгейі өте жоғары. Бұл тек қана Абу-Даби емес, БАӘ мектептерге байланысты айтып отырмын. Ал Оңтүстік Африка Республикасындағы білім стандарттары басқа деңгейде. Ал қазақстандық оқушылардың білімге деген құрметі, болашаққа деген көзқарасы ерекше. Оқушылар танысып, бір тақырыпты талқылауға келгенде белсенді. Олар қысылмайды, мұғалімдерге өздері барып, кез келген сұрағын қояды. Бұл оқушылардың білім алуға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады”, – дейді Назирин.
Қос мұғалім Шымкенттің мүмкіндіктері көп екенін сұхбат барысында жиі айтып отырды. Оларға шаһардағы мәдени нысандар мен саябақтар, мейрамханалардағы сервистік қызметтер ұнаған. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін алғаш көргенде де таң қалғандарын жасырмады. Эмунрих Шымкентті отбасы құндылықтары сақталған, адамдармен тез тіл табысуға өте ыңғайлы әрі жайлы, таза һәм жасыл қала екенін атап өтті. Жас мұғалімдер, тіпті, қазақ тілін үйренуге ниетті екенін жеткізді.
“Қазақ тілін үйренуге қызығушылығымыз бар. Ең маңызды деген қазақша сөздерді үйреніп алдық. Болашақта оны жақсы меңгереміз деп ойлаймын”, – деп түйіндеді шетелдік азамат.