Шымкенттік кәсіпкер жоқ сүтті "сатып", мемлекетті 12 миллион теңгеге алдап кетті
Шымкенттік кәсіпкер агроөнеркәсіптік кешенге субсидия алу кезінде мемлекетті ірі сомаға алдағаны белгілі болды. Алаяқтықты қалалық прокуратура қызметкерлері анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс материалдары бойынша, кәсіпкер сүт өнімдерінің құнын төмендету бойынша дұрыс емес өтінімдер ұсынған. Мемлекетке келтірілген залал 12 миллион теңгеге бағаланады. Іс қазір сотта қаралуда.
"Өндіруші сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға сүт сатуы керек еді. Кәсіпорындар қалалық прокуратураға берген ақпаратқа сәйкес, олар өндірушіден ешқандай өнім алмағаны белгілі болды. Мемлекеттен субсидия тауарлардың бағасын төмендетуге бағытталған және литріне 20 теңгеден төленеді", – дейді Шымкент қаласы прокуратурасының аға прокуроры Қали Бейсенбаев.
Қала прокуратурасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қатысты 12 млн теңгені жымқыру фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа жолдады.
Дәл осылай субсидия алуға негізсіз тырысқан бірнеше кәсіпкерлер анықталды. Мемлекет кірісіне 24 миллион теңге өндірілді. Сонымен қатар, өрескел заң бұзушылықтар үшін шенеуніктер де жауапкершілікке тартылды.
"Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Шымкент ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының 6 лауазымды адамы, оның ішінде басқарма басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – дейді Шымкент қаласы прокуратурасының аға прокуроры Қали Бейсенбаев.